"Шаң мен кір үйге кіреді": Үлкен Алматы өзенінің маңындағы "тазалық" жұмыстары тұрғындардың ашуын тудырды

Әлеуметтік желіде Үлкен Алматы өзенінің жағалауында тазалық жұмыстарының видеосы тарады. Көшені тазалапр жүрген арнайы көлік шаң мен кірді көтеріп кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындар тазалық жұмыстары жүретіні еш жерде ескертілмегенін, түтінге тұншығып отырғанын айтты.
“Мердігерді жауапкершілікке тартыңыздар, тазалау жұмыстарын бұлай жүргізуге болмайды. Барлық шаң мен кір үйге кіріп жатыр. Тротуар алдын ала жабылмаған. Сол кезде жағалауда адамдар, балалары бар аналар, қарттар жүрсе не болар еді? Ол жерде айналып өтетін жол жоқ. Барлығы шаң-тозаңға тұншығып қалар еді”, – деп жазды желі қолданушысы.
Автордың айтуынша, бұл жағдай 29 наурыз күні Үлкен Алматы өзенінің жағалауында, Торайғыров пен Тоқтабаев көшелерінің аралығында болған. Сондай-ақ жазба авторы мердігердің реконструкцияланған өзенді пайдалануға беру мерзімін дер кезінде аяқтамағанын атап өтті.
Фото: Видеодан скрин
“Нысан құжатында жұмыстың аяқталу мерзімі – 2025 жылғы желтоқсан деп көрсетілген. Ал ертең 2026 жылдың сәуірі басталады, жұмыстар әлі жүріп жатыр, өзен әлі ашылған жоқ”, – делінген жазбада.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы нысанда экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Жұмыстар кезінде көп шаң ауаға көтерілген, ал оны басу үшін тиісті шаралар қолданылмаған.
“Осы бұзушылықтарға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес мердігер ұйымдар – Павлодар өзен порты АҚ, Makona Group ЖШС және жобаның жетекшісіне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін мердігер ұйымның басшылығына қаладағы экологиялық талаптарды сақтау және абаттандыру ережелерін орындау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді”, – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы (Қалалар мен елді мекендердің абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылым нысандарына зақым келтіру, қала мен елді мекендердің жасыл желектерін жою немесе бүлдіру) бойынша: жеке тұлғалар үшін ескерту немесе 20 АЕК (86 мың теңге) айыппұл, ал заңды тұлғалар үшін 30-дан 100 АЕК-ге дейін (130 мыңнан 432 мың теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты