Шамамен 400 мың теңге: Қазақстанда енді көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат берілмек
Елімізде алдыңғы терезелерді қараңғылатуға енді рұқсат берілмек. Ол үшін жүргізушілер ақша төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Яндекс Карта
Көліктің алдыңғы терезелерін қараңғылатуға қатысты ІІМ тыйымы әлі күшін жойған жоқ. Дегенмен әйнекті қараңғылауды заңдастыру талқыланып жатыр. Рұқсат құны жылына 400 мың теңге болуы мүмкін. Мұны мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мәлімдеді.
Оның сөзінше, терезені қараңғылатуға жүргізушілердің жартысы келіседі. Мәселен, Қазақстанда 5 миллионға жуық автокөлік тіркелген.
“Рұқсат берілген жағдайда 2,5 миллион көлік иесі осы қызметті пайдаланса, бұл бюджетке жылына 1 трлн теңгеге дейін пайда әкелуі мүмкін”, – деді депутат Құспеков.
Депутат көрші елдердегі тарифтерге мысал келтірді. Айтуынша, Қырғызстанда көлік әйнегін қараңғылау шамамен 415 мың теңге тұрады.
“Қырғызстанда терезені қараңғылатуға рұқсат жылына шамамен 415 мың теңге тұрады. Қазақстанда өмір сүру деңгейі жоғары екенін ескерсек, бұдан төмен баға күтуге болмайды. Көлік әуесқойларының арасында қалтасы көтермейтіндер бар екені анық. Мүмкін, автокөлік класы бойынша сараланған тариф қолданылуы керек. Бірақ орташа есеппен алғанда сома бәрібір осы 400 мың теңгеден сәл артық немесе сәл аз болады. Қырғызстанда ай сайын төлеуге рұқсат береді. 400 мыңды 12 айға бөлсек, тариф қолжетімді”, – деді депутат.
Ол бұдан түскен пайданы жолдарды жөндеуге немесе жаңа мектептер мен ауруханалар салуға жұмсауға болады дейді.
Олжас Құспеков заңнамада және нормативтік құқықтық актілерде терезені қараңғылатуға тыйым салатын нормалар жоқ екенін айтты. Ресми рұқсат алу үшін ішкі істер министрлігінің шешімі жеткілікті.
"Бүгінде ешқандай шектеулер мен тыйым салатын нормалар жоқ, тіпті ішкі істер министрлігінің жол қозғалысы туралы бұйрығында да жоқ. Бұл – өзіміз үшін қарастырылатын мемлекетаралық стандарт", – деп атап өтті Құспеков.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көліктердің алдыңғы терезесін қараңғылауға салынған тыйымды алып тастау қаралып жатқаны айтылды.