Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шалқыған өмірдің жұрнағы жоқ": депутаттар 20 жыл жөндеу көрмеген үйде тұратындарын айтты

парламент Фото: parlam.kz

Халық арасында депутаттардың шалқып өмір сүретінін сынайтындар баршылық. Қоғамда депутат болу үлкен мәртебе, табысы шаш етектен деген түсінік бар. Осы орайды Stan.kz тілшісі депутаттардың өздерімен тілдесіп қайтты.

Депутаттарға қандай жағдай жасалған

Жақында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы, кәсіпкер Адель Әділова халық қалаулыларының шалқыған өмірі туралы алып-қашпа сөзді сейілтпек болып, Астанадағы қызметтік пәтерін видеоға түсіріп көрсетті. Ол әлеуметтік желіде жариялаған видеосында үш бөлмелі пәтерді көрсеткен. Қонақ бөлмесінде  диван, қабырға жиһазы мен күйеуінің марапаттары, жатын бөлмеде қарапайым төсек пен шкаф тұр. Әйел комодты ашпақ болғанда тұтқасы жұлынып қалды.

Айтуынша, үйдегі жиһаз ескі. Бұл үй 2004 жылы тапсырылған, бүкіл жиһазға 20 жыл болған. Бұл пәтерде 2023 жылдан бері тұрады. Мұндай баспана  депутаттардың бәріне беріледі. Алайда көпшілік оған сенбегенін жазып, өзін сынның астында алды. Желі қолданушылары видеоны "қойылым" деп бағалады. "Меніңше, онда басқа адамдар тұрады, ал медальдарды түсірілім алдында қойып шыққан", "Халықты неге алдайсыздар, депутаттар мұндай пәтерде тұрады дегенге ешкім сенбейді", "Құлаққа лапша ілу","Қолдағы Cartier-ді бәрібір шешпегенсіз", "Өздеріңіз де шкафтың сынып тұрғанын да білмейсіздер", "Бүкіл видеода депутат осыншама медальді не үшін алғаны таңғалдырды" деп жазды.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың айтуынша, депутаттарға алдымен бала санына қарай қызметтік пәтер беріледі. Оған да  Астанадағы 2005 жылы салынған "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен бес бөлмелі пәтер берілген. 

“Тапсырыспен қызметтік көлік алу мүмкіндігі бар. Керек кезде сол көлікті пайдалануға береді. Айлықты бүкіл Қазақстан біледі. 800 мың теңге алатындар бар, 100 мың теңге алатындар бар, бір миллион теңге алатындар бар. Аз деу кейбір қазақстандықтар 85 мың теңге алып жатқанда оның өзі ұят шығар. Пәтерлердің соңғы рет жиырма жыл бұрын жөндеу көрген дегені шындыққа келеді. Қызметтік пәтер уақытша, мына жері мынадай деп айту артық деп ойлаймын, жиһазды жаңартудың маған қажеті жоқ. Ең бастысы жұмысқа жақын, қолайлы, ведомстоларға шаруамен жаяу бара бересің. Кабинет және көмекші беріледі. 

Кезіндегі шығармашылықта жүргендегі табысым қазіргіден 2,5 - 3 есе жоғары болған. Мұндағы қағазбастылықтан, басқа да шаруалардан ойың босамаған соң шығармашылықпен айналысуға уақыт жоқ. Сондықтан біраз шығынды тежеуге тура келеді. Жеткізсең жетеді ғой.

Комитеттің көшпелі отырысы болған жағдайда Мәжіліс өзі қаражат бөледі. Халықпен он күн кездесуге міндеттеледі, сол кезде іссапар қаражаты – тәуліктік қаражат пен қонақүйге кететін шығынды өтеп береді. Оны келген соң тапсырып алуың керек. Мысалы осы жақында іссапарға барғанда өз көлігіммен жүрдім, Мәжіліске салмақ түскен жоқ, тек тәуліктік қаржыны өтеп берді. Ал жеке өтінішпен немесе өзің белсенділік танытып бір мәселеге қатысқың келсе, оның барлығын өз қаражатың есебінен өтейсің", - дейді депутат.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қызметтік пәтерде тұрмайтынын, одан бас тартқанын айтты. Айтуынша, жалақысы 900 мың теңге. Қоғамдық жұмыспен айналысқан кезінде бұдан әлдеқайда көп табыс тапқан. Екі рет Мәжіліс депутаты болған ол бұл қызметке немерелерінің болашағы үшін, әділетті Қазақстан құру үшін келгенін айтады. 

"Шынымен, анау ескірген жиһазды көріп жылап жібере жаздадым. Депутат болып ешкім аста-төк өмір сүріп жатқан жоқ. Біз халықтың мұң-мұқтажын айту үшін жүрміз. Ертең немерелерім еркін, әділетті қоғамда өмір сүрсін неген ниетпен Мәжіліске қайта оралдым", - дейді ол. 

Бір депутатқа орта есеппен 195 млн теңге жұмсалады

Сенат пен Мәжілісті қамтитын парламентті қаржыландыру шығындары соңғы он жылда тұрақты өсіп келді. Тек 2020 жылы ғана пандемияға байланысты бюджет қысқартылып, шығын азайған.

Инфляцияны ескергенде, осы кезеңде жалпы шығындар 25%-ға ұлғайған. Бір депутатқа шаққанда көрсеткіш те айтарлықтай өскен. 2015 жылы бір депутатты қамтамасыз ету жылына шамамен 70 млн теңге болса, 2024 жылы бұл сома 195 млн теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде өсім 30% болып отыр. Сонымен қатар, депутаттар саны 154-тен 148-ге дейін қысқарған.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы  2026 жылы Қазақстан парламентіне жұмсалатын шығын шамамен 7,8 млрд теңге болатынын мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, мұндай сома үш жылдық бюджет жобасында көрсетілген. Бұл нақты депутаттардың жұмысына арналған қаражат. Сонымен қатар Сенат пен Мәжілісте саяси мемлекеттік қызметшілер бар. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер де жұмыс істейді. Барлық қызметкер үшін бірыңғай еңбекақы қоры қарастырылған. Қазір Мәжілісте 98, ал Сенатта 50 депутат бар.

Қазақстанда бір палаталы парламент құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау кезінде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтерді. Президенттің айтуынша, Парламент еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық, кемінде бір жыл керек.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Парламент бір палаталы жүйеге көшсе, шығындар қысқарып қысқармайтыны әзірге белгісіз екенін айтады. Айтуынша,ол жерде 120, 140 депутат болуы мүмкін, бәрі соған байланысты. Қазіргі таңда 148 депутат, олардың көмекшілері, оған қоса көлік және басқа да ілеспе шығындар бар. Барлығы депутаттар санына байланысты. Сол санға қарай, нақты үнем сомасын айтуға болады.

Депуттардың тұрмыстық жағдайы өзекті мәселе емес. Бірақ желідегі видео халықтың шынайы ойын көрсетті. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген халық қалаулылары осы сөздерден кейін үйлеріне тексеру келетінін де айтып қалды. Біздің қорытқанымыз, олар да ет пен сүйектен жаралған қарапайым адам. Мұнда ешқандай өлшемсіз қаражат ағылып жатқан жоқ. Қатардағы мемлекеттік қызметкер алатын жеңілдік демесек, жұрт айтқандай асқан байлық пен салтанатты өмір байқалмайды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 14 Қараша, 2025 20:38
Талқылау