Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шақырымға созылатын кезекте тұрамыз": Оралдағы жанармай құю бекеттерінде газ таусылып жатыр

30 қыркүйекте Оралда кей жанар-жағармай құю бекеттерінде "газ жоқ" деген жазулар ілініп, кейбірінде кезек пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі МойГород сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: МойГород Медет Медресов

Жүргізушілер өңірде орын алған бұл мәселеге наразылықтарын білдіріп жатыр. 

“Шынымды айтсам, газдың жоқтығы шаршатып жіберді. Көптеген адамдар ақшасын үнемдеу үшін газбен жүреді. Өз жерімізде тұрып, газ тапшылығын сезініп жатырмыз. Шақырымға созылған кезекте тұрамыз. Неге? Олар газ қымбаттайды деп отыр”, – дейді көлік әуесқойы Арман.



Батыс Қазақстан энергетика басқармасының мәліметінше, сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Ал арзан әлеуметтік газға шектеу қойылған. Қазіргі уақытта облысқа "Жайықмұнайдан" қосымша 400 тонна сұйытылған газ жеткізілді дейді.

“Бізде газдың максималды бағасы Оралда 70 теңге. Олар газды осы бағадан қымбатқа сатпайды. Жанармай құю бекеттеріндегі кезек тоқсан соңында байқалады. Айта кету керек, сұйытылған газдың арзандығына байланысты газ баллондарын қолданатын автокөліктер саны жыл сайын артып келеді. 1 қазаннан бастап біз Рожковское кен орнындағы "Жайықмұнай" газына толығымен көшеміз. Бұл облыстың сұйытылған автокөлік газына қажеттілігін өтейді. Енді Ақтөбе мен Атыраудан жеткізілім болмайды", – деді Батыс Қазақстан облысы бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй. 

Оның айтуынша, облыстың ай сайынғы газға деген қажеттілігі 4 мың тонна. Қосымша көлем бөлу мәселесі де ай сайын талқыланады. 

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов 2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы тағы да көтерілетінін айтқан еді. 

Талқылау