Шахтинскіде көпқабатты үйде газ баллоны жарылып, бес полицей мен тұрғындар зардап шекті (видео)

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, сегіз адам зардап шекті. Олардың бесеуі оқиға орнына барған полиция қызметкерлері. Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардан хабарлама түскен соң төрт минут ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдары оқиға орнына жетті. Барлау барысында жиһаз бен тұрмыстық заттардың жанып кеткені анықталды.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан бес адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған, қалғандары өздігінен эвакуацияланған.
Тұрғындарға құтқарушылардың вахталық көлігі арқылы жылыту ұйымдастырылып, арнайы жылыту пункті ашылды.
Төтеншеліктер 40 шаршы метр аумақты қамтыған өртті сөндірді. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті басшысы жетекшілік ететін өрт сөндіру штабы құрылды. Оқиға орнында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана жоюға әкеп соққан өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазір ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетпен ұсталып отыр. Сауығып шыққан соң уақытша ұстау изоляторына қамалады. Қазір жан-жақты және объективті тергеу жүріп жатыр.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?