“Шахтер” футбол клубын кәсіпкер Тимур Турлов сатып алды
Фото:Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағандының "Шахтёр" футбол клубы ресми түрде Freedom Holding Corp компаниясының меншігіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталмыш холдингтің басшысы – қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов.
Жаңа иесінің бастамасымен Қарағанды облысында ауқымды футбол экожүйесін қалыптастыру жобасы іске қосылды. Бұл мақсатқа жалпы 18,5 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде 12 млрд теңге жаңа футбол академиясының құрылысына, ал 6,5 млрд теңге өңірдегі бұқаралық және жастар футболын дамытуға жұмсалады.
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (ҚОФА) президенті Тимур Турловтың қолдауымен бірнеше ірі бастама жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында:
• "АЛҒА!" мектеп жобасы – 2029 жылға дейін 40 мыңнан астам оқушы мен 3600 студентті қамту жоспарланып отыр. Аймақтағы 100-ден астам мектепте футбол бағдарламалары енгізіледі;
• Freedom BFL ресми жастар лигасы;
• жаңа "Шахтёр" футбол академиясының құрылысы;
• өңірлік футболды кешенді дамыту стратегиясы.
Жаңа академия шамамен 10 гектар аумақта орналасады. Жоба құрамына:
• жыл он екі ай жұмыс істейтін жабық арена,
• толық өлшемді жаттығу алаңы,
• екі қабатты әкімшілік және тұрмыстық кешен,
• медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана,
• студенттерге арналған жатақхана кіреді.
Барлық нысандарды жылытылатын жаяу жүргіншілер жолдары біріктіреді. Қосымша аумақта ашық жаттығу аймақтары, спорт жабдықтары, қоғамдық бақ және автотұрақ қарастырылған. Негізгі құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, кадрларды даярлау міндетіне де ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде жаттықтырушылар халықаралық тәжірибе алмасудан өтіп, УЕФА лицензияларын алу мүмкіндігіне ие болады. Футбол инфрақұрылымы тек қала орталықтарында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де дамытылмақ.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады

