Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сергей Цырульников Миланда үш рекорд орнатып, Қазақстан атын әлемге танытты

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстандық спортшы Сергей Цырульников Италияның Милан қаласында өткен халықаралық телебағдарлама түсірілімі барысында үш бірдей Гиннестің рекордын жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Барлық нәтижелер Guinness World Records ұйымының ресми өкілдерімен тіркелді.

Бірінші рекордта ол 22×8 мм көлеміндегі 14 металл тағаны небәрі 57 секунд ішінде бүктеп шықты. Бұған дейін бұл рекорд Литва спортшысына тиесілі болған. Екінші рекорд бойынша Сергей бір минуттың ішінде 9 резеңке жылытқышты тыныс күшімен жарып үлгерді. Бұл көрсеткіш бұрын АҚШ-та орнатылған болатын. Үшінші рекордта ол бір минутта 19 шегені шойын табаға жалаң қолмен қағып кіргізді. Осылайша ол француз спортшысының бұрынғы рекордын жаңартты.

Айта кетейік, бұл көрсетілімдер Италияда түсірілген Lo Show Dei Record атты телешоу аясында өтті. Бағдарлама 2025 жылы эфирге шығып, Италия мен Еуропаның бірнеше елінде көрсетіледі.

Сергей Цырульников – Қазақстан спортында танымал тұлға. Ол Құрмет және Достық ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының Жақсылық елшісі, Қазақстан спортшылар одағының құрметті мүшесі, Туризм және спорт министрлігінің амбассадоры және Мемлекеттік күзет қызметінің запастағы майоры болып табылады. Сонымен қатар ол балалар мен жастарға арналған әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатысады және қайырымдылықпен айналысады.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық спортшы Ильдар Ягьяевтың есімі Гиннес рекордтар кітабына енгенін хабарлаған едік.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 16:32
Талқылау