"Ресейден қорқып тағы 30 жыл жоғалтып алмау керек": Қазақстанды зерттеп жүрген түрік сарапшысы ел қайткенде дамитынын айтты
Қазақстанның саясаты мен Түркия мемлекетімен байланысын зерттеп жүрген зерттеуші, Қазақстан бойынша сарапшылардың бірі Сердар Йылмаз түркі әлеміне қатты қызығады. Осы қызығушылығының есебінен ол Қазақстанда жарты жыл тұрып, қазақ тілін еркін меңгерген, біраз жылдан бері елдің жағдайын егжей-тегжейлі зерттеп келеді. Сарапшының сөзінше, Қазақстан түркі мемлекеттерінің ішіндегі ең қуаттысы, алайда оған Ресейдің ықпалы көп. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында зерттеуші түркі мемлекеттерінің әскери күш біріктіруі, ресейліктердің келуі Қазақстанға қалай әсер ететіні және Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасының әлсіз тұстары туралы айтты.
Сердар Йылмаз, жеке архивтен
Сердар Йылмаз еліміздің Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан сияқты қалаларында тұрып көрген. Қазақ тілін Түркияда жүріп үйреніп бастап, Алматыға келгенде жетілдірген.
"Солтүстік Қазақстаннан басқа қалалардың бәрінде болдым. Менің сүйікті қалам - Алматы. Бұл өте әдемі және әсерлі қала. Жасыл және табиғат тамаша. Болашақта Алматыда тұрамын деп ойлаймын.
2014 жылы Стамбұлда қазақ тілін оқуды бастадым. Менің ұстазым қазақ еді. 2015 жылы Алматыда тұрғанда тілді жақсы білім алдым", - дейді Йылмаз.
Сердар Йылмаздың PhD деңгейі бар. Ол білімін Стамбұлда, Ұлыбританияда алған.
"Түркияның ең суық елі Ардаханда туып, Стамбұлда өстім. Университетте мемлекеттік басқару факультетінде оқыдым. 2006 жылы Англияға бардым. Вестминстер университетінде Халықаралық қатынастар бойынша магистр дәрежесін алдым. PhD деңгейі бойынша оқуымды сол салада бастадым, бірақ оны аяқтамай Стамбұлға оралдым. Мен PhD дәрежесін Тракья университетінің халықаралық қатынастар бөлімінде аяқтадым. Ал қазір Мугла Сыткы Кочман университетінің саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының доценті болып жұмыс істеймін", - дейді ол.
"Түркі әлеміне қатты қызығамын"
Йылмаздың Қазақстанда туыстары бар. Сондықтан елімізбен туыстығын жақсы сезінген. Маман Қазақстанды түркі әлеміндегі қуатты ел санайды.
"Менің анам Ахыска түрік. Анамның үлкен ағасы 1944 жылғы месхетиялық (Грузия) айдаудан қашып құтыла алмаған. Пойызбен Қазақстанның Шымкент қаласына жіберіледі. Ол сол жерде екі әйелге үйленеді, сондықтан Қазақстанда жылдар бойы көрмеген немере ағамыз көп. Мен түркі әлеміне қатты қызығамын. Қазақстан болса, түркі әлемінің жарық жұлдызы, ең қуатты мемлекет.
Сондықтан 2011 жылы Қазақстанға барып тұруды және Қазақстандағы түркі саясатын зерттеуді жөн көрдім. Яғни, мен Орталық Азия аймағындағы ең қуатты мемлекетке де, ондағы туыстарыма да қызыққандықтан Қазақстанды зерттеу бастадым", - дейді сарапшы.
Ол зерттеулерінде Қазақстанның Түркияға қатысты саясатын қарастырады. Сөзінше, қазіргі елдегі басты проблемалар қатарында экономикалық теңсіздік, парақорлық тұр.
"Мен докторлық диссертациямда 1991 жылдан бері Қазақстанның Түркияға қатысты саясатын қалыптастырған негізгі факторларды зерттедім. Басшыны, ішкі саясатты, үкіметтік емес ұйымдарды, парламентті, бизнесмендерді, түрік мекемелерін сарапқа салдым, сұхбат бердім. Алматыдағы ұлттық кітапхана мұрағатына түстім. 1991 жылдан бері Қазақстанның Түркияға көзқарасы қалай өзгергенін зерттедім. Енді мен Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөліне, орны мен жетістіктеріне тоқталамын.
Дегенмен мен Қазақстанның бастан кешіп жатқан маңызды мәселелерін де зерттеп жатырмын. Мысалы, қазақ халқы үкімет саясатынан үлкен өзгеріс күтетінін, парақорлық пен жемқорлықтан шаршағанын, табыс теңсіздігін жек көретінін және лайықты жалақы ала алмай отырғанын білемін. Бұл - қазір елдің ең үлкен проблемалары. Сондай-ақ биыл қаңтар айында болған оқиғаларды өте жақсы талдау керек", - дейді ол.
Сердар Йылмаз, жеке архивтен
"Ресейден қорқып 30 жыл жоғалттық"
Йылмаз Ресейдің Қазақстан қоғамындағы ұйымдарға ықпалына тосқауыл қою керек деген пікір ұстанады. Сөзінше, барлық түркі мемлекеттері Ресейге деген қорқынышынан арылып, ынтымақтастықты жақсартуы қажет.
"Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең көп этникалық орыс тұратын мемлекет, Ресейде көптеген үкіметтік емес ұйым, газет мен саясаткер бар, ресейшіл партия бар. Бұрынғы кадрлар басқарған елдің барлық жерінде орыс тілінде сөйлейді. Қазақстан Ресеймен әлемдегі ең үлкен құрлықтағы шекараны бөліседі. Мұнда Ресей мен орыс насихаты жасалып жатыр.
Ресейде "Қазақстан мемлекет емес" деп жүрген саясаткерлер бар. Орыстар тым көп болғандықтан, Қазақстанды да Қырым сияқты Ресей басып алуы керек деп ойлайтындар бар. Ресей аймақтағы сенімді ел емес. Тарихи байланыстарымен Ресейге жақын болған Қазақстан енді сыртқы саясатын әртараптандырып, Ресеймен теңесетіндей күш құруы керек. Барлық түркі мемлекеттері Ресей қорқынышынан арылып, көбірек ынтымақтасуы қажет. Ресейден қорқып 30 жыл жоғалттық, түркі мемлекеті ретінде тағы 30 жыл жоғалтып алмау керек", - дейді сарапшы.
"Ресейліктерге Қазақстан азаматтығын бермеу керек"
Соңғы кездері Қазақстанға келетін орыстардың саны артып жатқанына байланысты бұл процесс саяси және экономикалық тұрғыдан елге қалай әсер етуі мүмкін екенін сарапшыдан сұрадық.
"Украина соғысына солдат болып барғысы келмейтін орыстар Қазақстанға келіп жатыр. Бұл жерде екі жақты қарау керек. Олар елге экономикалық пайда әкеледі, ақша жұмсайды және экономиканың дамуын қамтамасыз етеді.
Екі ел көбірек экономикалық сауда жасайды. Дегенмен, саяси тұрғыдан алғанда бұл жағдай болашақта зиянын тигізуі мүмкін. Өйткені Ресейден келген ресейлік туристер Қазақстанға қалғысы келсе, халық арасындағы теңгерім нашарлауы мүмкін. Орысшылдар көбейеді. Адамдар қазақша азырақ сөйлей бастайды. Ресейдің ықпал ету аясы кеңейді. Орыс мәдениеті көбірек таралып кетуі мүмкін. Олар өтініш берген жағдайда да, Қазақстан үкіметі бұл адамдарға Қазақстан азаматтығын бермеуі керек", - деп түсіндіді Йылмаз.
“Түркияда 100-ден астам қазақстандық компания бар”
Сарапшы Түркия мен Қазақстан арасында қарым-қатынас жақсы арнада дамып келе жатыр дейді. Дегенмен кейбір олқылықтар да бар көрінеді.
"Екі ел арасындағы қарым-қатынастар дамып, нығая түсуге өте ашық. Екі ел басшылары да қарым-қатынасты дамытуға аса ынталы. Екіжақты сауда көлеміміз жылдан жылға артып келеді. Түркияның Қазақстандағы мемлекеттік институттары өте күшті. Ахмет Йассауи университеті білім саласында елеулі табыстарға қол жеткізді. Қазақстанда түрік тілін үйренетін қазақтардың саны жыл сайын артып келеді.
Елде бизнеспен айналысатын жүздеген түрік компаниясы бар, осы уақытқа дейін Түркия мемлекеті 4 миллиард доллар, түрік бизнесмендері Қазақстанға 15 миллиард доллар инвестиция құйған.
Түркияда 100-ден астам қазақстандық компания бар. Энергетика және туризм саласына инвестиция құйып жатқан қазақстандық компания саны артуда. Қазақтардың сүйікті туристік бағыттары Түркия, әсіресе Стамбул, Анталия, Мугла қалалары", - дейді ол.
Дегенмен сөзінше, екі ел арасындағы қарым-қатынас тиісті деңгейде емес.
"Әуе көлігі жеткіліксіз. Жүк көлігімен тасымалдауға әлі де көп көңіл бөлінеді. Кедендік проблемалар, технологияның үйлестірілмегендігі және күнделікті көлік шектеулері қазіргі кездегі өзекті проблемалар. Бұл мәселелерді шешу керек.
Әуе билеттері өте қымбат. Екі елдің халқы бір-бірін танымайды. Мәдени жақындық болмаса, халықтар бір-бірін білмей, қарым-қатынасымыз үстірт болып қалады", - дейді сарапшы.
“Мәдени төңкерістің алғашқы белгісі - әліпби ауыстыру”
Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі кейінге қалдырылды. Дегенмен, қазір барлық түрік елдері бірегей латын графикасын жасауға бастама көтеруде. Осы жайлы Сердар Йылмаздың пікірін сұрадық. Зерттеуші бұл процесті жылдамдату керек дейді.
"Бұған дейінгі мақалаларымда Назарбаев кетісімен латын әліпбиі кейінге шегерілетінін айтқан болатынмын. Меніңше, ешқандай кідіріс жасамау керек. Қазақстан мүмкіндігінше тезірек латын әліпбиіне көшіп, басқа түрік мемлекеттерімен бірлескен әліпби құрғаны дұрыс. Ресейден қорқып, әліпбиді кешіктірді. Бұл қателік жойылып, үлкен мәдени төңкеріс жасалуы керек. Бұл мәдени төңкерістің алғашқы белгісі - әліпби ауыстыру. Уақытты босқа өткізбей, қазір өзгерту керек", - дейді ол.
"Түркі мемлекеттері арасында әскери ұйым құрылуы керек"
Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚШҰ әскерлері елге кіргеннен кейін түркі елдері бірігіп, әскери қарулы күш құруы керек деген бастамалар көтерілген еді. Осы мәселе төңірегінде Йылмаз да өз пікірін білдірген болатын. Айтуынша, түркі мемлекеттері алдымен өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.
"Қаңтар оқиғасы мұны бізге өте айқын көрсетті: Түрік мемлекеттері арасында әскери ұйым құрылып, оның негізгі мақсаты бейбітшілікті қамтамасыз ету болуы керек. Егер олар жеткіліксіз болса, алдымен басқа түрік мемлекетінен көмек сұрауы керек. Дегенмен, бұл жағдай қазіргі уақытта қиын сияқты", - дейді ол.
"Ақшамызды құны жоқ, жастар шетелге көшіп жатыр.."
Түркиядағы қазіргі жағдай айтарлықтай мәз емес дейді маман. Елдегі негізгі қиындықтар мен проблемалар қандай және олармен үкімет қалай күресіп жатқаны туралы Йылмаз былай дейді:
"Қазақстанда бар мәселелер біздің елде де актуалды. Жүйе бізді қанағаттандырмайды, экономикалық құлдырау бар, ақшамыздың құны жоқ, соғыс қауіпі бар, түрік жастары мүмкіндігінше Еуропа елдеріне қоныс аударуда. Біз бұл проблемаларды шеше алмай келеміз", - дейді Сердар Йылмаз.