Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сербия президенті Вучич Тоқаевқа екі ел арасында шешілмей тұрған бір мәселе барын айтты

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Астанада мемлекет басшысы Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич ресми делегациялардың қатысуымен келіссөз өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы сапардың символдық мәні бар екенін айтты. Себебі ол Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр.

“Сербия Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз саналады. Көптеген саладағы өзара тиімді байланысымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді”, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Астана мен Белград конструктивті саяси диалог жүргізіп, парламентаралық байланыстарды нығайтып, мемлекеттік органдар мен іскер топтар деңгейіндегі ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.

Қазір Қазақстанда 60-тан астам серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді қызметін ерекше атап өтті. Сонымен қатар сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді. 

Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді. 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Өз кезегінде Александр Вучич жылы қабылдау үшін ризашылығын жеткізді. Сосын Белградтың Астанамен көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.

Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан ұсынған кейбір жобалар Сербия үшін ғана емес, Еуропаның осы бөлігіндегі өңір үшін маңдайалды жобаға айналуы мүмкін.

Сонымен қатар ол қазақстандық SCAT әуе компаниясы үшін әуе кеңістігінің "бесінші еркіндік" деңгейін қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмегенін айтты.

“Қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенемін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз”, – деді Александр Вучич. 

Вучич қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталықтары бағыттарында ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін жоғары бағалап, оны жаһандық прогрестің символы деп атады.

Келіссөздер барысында сауда және инвестиция, көлік-логистика байланыстары, ауыл шаруашылығы, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, цифрландыру және жасанды интеллект, құрылыс пен туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты қаралды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Сонымен қатар мемлекет басшысы Тоқаев Сербия президентін “Алтын Қыран” орденімен марапаттады. Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы деп атады. 

“Сербия Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында зор жетістіктерге жетіп, өркендеп келеді. Халықаралық беделі де арта түсті. Алдағы уақытта еліңіз Сіздің парасатты басшылығыңызбен жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байланысымыз күшейе түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде өзара әріптестікті жандандыру өте маңызды. Сондықтан біз осы қарқынды сақтап, түрлі саладағы ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз”, – деді президент.

Сербия президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтты. Сонымен қатар бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне жеткізді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 27 Ақпан, 2026 14:53