"Сенімді ақтамадыңыз": Дархан Сатыбалды мектеп құрылысын кешіктіріп жатқаны үшін "Bazis-A" басшысын сынға алды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Медеу ауданындағы мектеп құрылысын кешіктіріп жатқан "Bazis-A" компаниясының басшысы Александр Беловичті сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дархан Сатыбалды Медеу ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен абаттандырылу барысын тексеру барысында мердігердің жұмысына наразы болды. "Комфортты мектептер" ұлттық жобасы аясында 2000 орынға арналған мектептің құрылыс алаңында әкім барлық жұмысты тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Қыркүйекте оқушылардың жаңа мектепте оқуды бастауға тиіс екенін ескертті.
“Александр Якубович, қыркүйекте мұнда оқушылар отыруы керек. Біз сізге сендік, ал сіз сенімді ақтамадыңыз. Алматыда сізге берілген тоғыз мектеп бар, бәрінде мәселе бар. Енді кешіктіруге болмайды. Бұл – балалар, бұл – бюджет қаржысы”, – деді әкім Александр Беловичке.
Bazis-A басшысы жұмысты мерзімінде аяқтауға уәде берді.
Еске салсақ, Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетіп, орнына Дархан Сатыбалды тағайындалған еді.