Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сені пышақтап тастаймын”: Астанада жалаңаш ер адам балалар алаңында пышақпен жүгірген

Фото: Видеодан скриншот

Астанада Петрова көшесі, 2-мекенжайындағы тұрғын үй ауласында 39 жастағы ер адам елді дүрліктірді. Ер адам жалаңаш күйде балалар алаңындағы бүлдіршіндерді шошытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ер адам қолына пышақ ұстап алып, алаңда жүгірген. Бұған қоса, айналасындағыларға айғайлап, балаларға “Сені пышақтап тастаймын!” деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Шошынған ата-аналар мен балалар жан-жаққа қашып, тұрғындар дереу полиция шақырған. Құқық қорғау органдары шамамен 20 минуттан кейін келіп, ашулы ер адамды ұстады. Абырой болғанда, балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Полицияның мәліметінше, ұсталған адам Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Әзірге оның мұндай әрекетіне не себеп болғаны белгісіз.

Еске салайық, биыл ақпанда Жамбыл облысында ер адам көшеде тыр жалаңаш жүрген еді. 

Қоғамдық тәртіпті әдейі бұзған ер адамның жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді. Сонымен қатар полиция департаменті мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін атап өтті.

“Құқық бұзушыға қатысты “Қоғамдық орында мас күйде жүру” және “Ұсақ бұзақылық” баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оның әрекеті қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытты. Материалдар сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.

Полиция департаменті мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін атап өтті.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 13:35