Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сені ешкім жақсы көрмейді": Грек теннисшісі қазақстандық Юлия Путинцевамен сөзге келіп қалды (видео)

теннис

Фото: Видеодан скрин

Әлемнің 86-ракеткасы, грек теннисшісі Мария Саккари мен қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Германияның Бад-Хомбург қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдегі жеке кездесуден кейін бір-бірімен сөзге келіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Чемпионатқа” сілтеме жасап хабарлайды.

Турнирдің алғашқы айналымында Саккари қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваны 7:5, 7:6 (8:6) есебімен жеңді. Матч соңында теннисшілер бір-бірімен қол алысты. Сол сәтте Саккари Путинцеваға бір нәрсе айтты. Бұған жауап ретінде Юлия мысқылмен басын иіп, тағзым жасады. Содан кейін Саккари тағы да Путинцеваға жақындап, олар біраз уақыт дауыс көтеріп сөйлесті.

Саккари: "Жақсы қол алысу” (Путинцева тағзым жасайды). Өзіңді дұрыстап ұста"
Путинцева: "Өзіңе қара. Мені жайыма қалдыр"
Саккари: "Сені ешкім жақсы көрмейді. Қол алысқанда көзіме тік қара."
Путинцева: "Көп рақмет" деп тағы да Саккариге мысқылмен тағзым жасады.

 

Болған жағдайдан кейін спортшылар журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сонда Саккари Юлия Путинцеваны тек спортшы ретінде сыйлайтынын айтып қалды. 

“Осындағы соңғы күндерге дейін ол мені кешкі асқа шақырады деп ойламаймын. Сондықтан, шынымды айтсам, маған бәрібір. Менің жақсы достарым бар, кешкі асқа солармен барамын. Бұл туралы әңгімені осында қалдыруға рұқсат етіңіздер. Мен оны тек спортшы ретінде құрметтеймін. Осымен болды”, – деді  Мария Саккари.

Бұған дейін Юлия Путинцеваның "Ролан Гаррос" турнирінде 18 жастағы ресейлік теннисшіден жеңіліп қалғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 11:48
Талқылау