"Сенен раушанның иісі шығады": Желі қолданушылары Бишімбаев сотында куәгер болған блогердің сөзінен жасырын мағына тапты (видео)
Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша 23 сәуірдегі сот отырысында блогер Гүлнар Насырбековадан жауап алынды. Оның “сенен раушанның иісі шығады” деген сөзі ағылшын тілінде басқа мән беретіні анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні блогер Бишімбаевқа "Айтпақшы, сенен раушан гүлінің иісі шығады" деп жазған.
Бұл сөз тіркесіне желі қолданушылары назарын аударып, ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестің тікелей аудармасы екенін айтты. Желіде Ерлан Рахимов атты лингвист бұл фразеологизмнің не мағына білдіретінін жариялады.
“Ағылшын тілінде “come up smelling like roses” деген тұрақты тіркес бар. Ол тура мағынасында “раушанның иісі шығып тұр” деп аударылғанымен, тұрақты тіркес “жағдайдан сүттен ақ, судан таза боп шығу” дегенді білдіреді”, – дейді ол.
@yerlan_bey #бишимбаев #салтанат #тыпахнешьрозами ♬ оригинальный звук - Ерлан Рахимов
Желі қолданушылары да пікір қалдырып, бұл сөздің түрлі мағынасын ұсынды.
"Бұл тіркесті "Дәлелдер жойылды" деген фильмде қаскөй құпиясөз ретінде қолданған”, “Бұл сөз айғақтар жойылды дегенді білдіреді”, “Осы тіркесі арқылы ол айғақтар жойылғанын ескерткен”, “Бишімбаев ағылшын тілін жетік меңгерген, түсініп тұр ғой” деп жазды желідегілер.
Кембридж сөздігінде "come up smelling like roses" тіркесінің мағынасы былай деп көрсетілген.
"Өте қиын және адамды жаман жағдайға қалдыратын сәттен де жақсы болып шығу" деп көрсетіледі, яғни “сүттен ақ, судан таза” болып шығу десек болады.
Бұл тұрақты тіркес көркем фильмдерде кейіпкерлерді сипаттайтын сөз тіркесі ретінде жиі қолданылады. Crying Freeman фильмінде осы тіркес құпиясөз ретінде қолданылыпты.
Еске салсақ, бұған дейін Нүкенова қаза болған күні Бишімбаевтың шақыруымен мейрамханаға келген әйел сотта куәгер болған еді.