Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасылық өмірге шамадан тыс араласады": Сенатор Қазақстанда коучтер мен психологтарды лицензиялауды ұсынды

коучФото: istockphoto.com

Сенатор Амангелді Есбай өз депутаттық сауалында Қазақстанда коучтер мен танымал психология саласының мамандарын лицензиялауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды

Оның пікірінше, мұндай мамандардың ұлттық тізілімін жасап, олардың табыстарын декларациялау міндетін енгізу қажет. Сондай-ақ сенатор коучтер мен психологтар үшін этикалық кодекс қабылдап, клиенттердің құпиялылығын сақтау талаптарын заңмен бекіту керек деп есептейді.

Парламент өкілі мәліметінше, бұл мамандықты құқықтық талаптарға сай келмейтін тұлғалар пайдалана алады, ал құпиялылықты бұзғаны немесе эмоционалдық зиян келтіргені үшін заңды жауапкершілік механизмдері жоқ. Сонымен қатар, көптеген мұндай мамандардың қызметі заңды емес. Олар тіркелмей қызмет көрсетеді, төлемді қолма-қол немесе мобильді аударымдар арқылы алады, декларация тапсырмайды. Бұл көлеңкелі экономиканы күшейтіп, салықтық әділетсіздікті тудырады.

"Қазір “психолог” немесе “коуч” атауын кәсіби талаптарға сай келмейтін, қысқа мерзімді курстардан өткен адамдар еркін пайдалана береді. Құпиялылықты бұзғаны, клиентке зиян келтіргені немесе эмоциялық манипуляция жасағаны үшін нақты жауапкершілік тетіктері жоқ", - деді Есбай.

Сенатордың айтуынша, азаматтар тарапынан психологтар мен коучтердің жеке және отбасылық өмірге шамадан тыс араласуы, сондай-ақ эмоциялық жағдайдың нашарлауына қатысты шағымдар көбейген.

Депутатат әсіресе қысқа мерзімді “танымал психология” курстарына алаңдаушылық білдіріп, олардың әдістері ғылыми тұрғыдан дәлелденгеніне күмән келтірді.

"Кей жағдайда балалар тәрбиесіне қатысты күмәнді кеңестер беріліп, эмоционалдық зорлық элементтері “ұсыныс” түрінде болады. Мұндай кеңестердің салдарынан ата-анамен балалар арасындағы сенім жоғалады, психологиялық жан жарасы мен отбасы байланыстарының үзілуі жиілейді.

“Өз бизнесіңді баста”, “қаржылық еркіндікке жет”, “сананы қайта өзгертіп, миллионер бол” деген ұрандармен жалған коучтер адамдарды несие алуға итермелейді.Салдарынан көбі қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарызға кіреді, бұл олардың жеке және отбасылық өміріне кері әсерін тигізеді. Қазақстанда жеке психологтар мен коучтердің нақты саны белгісіз, себебі тіркеу немесе лицензиялаудың бірыңғай жүйесі жоқ", - деді Есбай.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 13:39
Талқылау