Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат депутаты қос азаматтығы бар қызметкерлерді жұмыстан босатуды талап етті

Депутат Қазақстандағы қос азаматтығы бар қызметкерлерді жұмыстан босату туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2020 жылдың соңында Еңбек кодексіне және "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңына түзетулер енгізілді. Оған сәйкес мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттің азаматтығы анықталған кезде де тоқтатылуға жатады. Ал квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшылары Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, шет мемлекеттің азаматтығы табылған жағдайда еңбек шарты бұзылады. Біздіңше, қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамытуды қажет етеді. Өйткені мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтығы бар фактілер әлі де анықталып жатыр", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұржан Нұрсипатов. 

Осы орайда халық қалаулысы қос азаматтық фактілерін анықтау мәселелеріне байланысты халықаралық-құқықтық құжаттарды өзектендіру керектігін айтты. 

"Басқа азаматтықты алған адамның отандық паспортты пайдалануы немесе шетелдік азаматтықты алу фактісі туралы хабарлау мерзімдерін бұзғаны үшін ғана көзделген әкімшілік жауапкершілікке түзету енгізу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын және еліміздің негізгі заңының 10-бабының талаптарын сапалы орындау бағытында қабылданған шаралардың толықтығы қамтамасыз етілген бе?", - деп өз сауалын жолдады ол. 

Талқылау