Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейлік студент ақпараттық жүйені бұзып, емтихан жауаптарын ұрлап сатып келген

Семейде медицина университетінің студенттері жоғары оқу орнындағы ақпараттық жүйені бұзып, емтихан тестін ұрлаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тіпті хакерлер тест тапсырмасының жауаптарын басқа студенттерге сатып, пайда тапқан. Осы жағдайдан кейін университет басшылығы: “Оқу процесіндегі талаптар бұзылды”, – деп, барлық үшінші курс студенттерінің емтихан нәтижелерін жойды. Және жиынтық емтиханның тест бөлігін қайта тапсыртпақ болған. Бірақ мұндай шешіммен тек студенттер ғана емес, ата-аналары да келіспейді.

“Кінәлі емес балалар неге бір ай бойы тапсырған емтихандарын қайтадан тапсыруға тиіс? Баламның денсаулығы мен үшін бірінші орында. Балам үшін осында келіп, өтініш жасап тұрмын”, – дейді ата-ана Алмагүл Шахмет. 



Ал жоғары оқу орнының басшылығы егер студент емтиханға дайындалған болса, оған қайта тапсыру еш қиындық туғызбайды деп есептейді. Дайындығы нашар немесе ұрланған жауаптарды сатып алғандар сол кезде анықталады деп отыр. Қазір студенттердің әшкере болған ісіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің қызметтік тергеуі барысында KEYPS ақпараттық жүйесіне кірген жиырмаға жуық IР адрес анықталды. Олар ақпараттық жүйеге оқытушылардың логин және паролі арқылы кіріп, жиынтық емтихан тестінің жауаптарын алған. Бұдан бөлек, біраз студенттер тест жауаптарын басқа да студенттерге сатқан. Студенттердің жаздық сессияда тапсырған емтихан нәтижелерінің балы жоғары болған соң, оқытушылар студенттерден күдіктенген”, – дейді "Семей медицина университеті" АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет төрағасы Ғалымжан Есімбаев. 

Талқылау