Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейлік математик АҚШ үкіметінде қалай жұмыс істеп жүр

Америкада қазақ ұлтының бірқатар өкілі тұрады. Олардың дені дәрігер, кәсіпкер, банкир, сондай-ақ АҚШ-тың федералдық үкіметінде қызмет ететін қандастарымыз да бар.

Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.

Райымжан Марсеков есімді азамат – қазақтан шыққан тұңғыш заңгер әрі публицист. Ол бұрынғы Семей облысында туған. 1902 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық университетін тәмамдап, кейін Отанында сот саласында қызмет етеді. Қоғам қайраткері және «Алаш» қозғалысына қатысушы Райымжан Марсеков 1937 жылы ағайындарымен бірге өлім жазасына кесіледі. Бұл сұм саясаттың салдары еді. Ескі жылдардың естелігі болған атаснының суретін қазір Мэриленд штатында тұратын Райымжан Марсековтың шөбересі сақтап отыр.

«Мен Семейде туып, Мәскеудегі халықтар достығы университетінде математика мамандығы бойынша білім алдым. Оқу орнын тәмамдаған соң кандидаттық диссертациямды қорғап, Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінде қызмет еттім», – дейді АҚШ актуарлар палатасының мүшесі Махмұд Сағындық.

Ал Махмұдтың жұбайы Жанна Сағындық та математик. Қандастарымызға Америкаға көшіп келген бастапқы жылдар өте қиын болған. Жоғары оқу орындарында французша, немісше оқығанымен ағылшынша білмейді. Сондықтан ең алдымен осы жақтың тілін үйреніп, кейін қызметке орналасқан.

«Біз бәрін басынан бастадық. Махмұд докторант болды. Әуелгі кезде осы жақта білім алып, тілді үйренген соң еліміз Қазақстанға қайтып барамыз деген ой болған. 2007 жылы «Отанымызға кетеміз» деп түбегейлі шешім қабылдадық. Біз математикпіз. Ал ол мамандықты меңгергендерге осы Америкада сұраныс жоғары болды. Сосын ойлана келіп, осында қалатын болдық», – дейді АҚШ Үкіметінің өкілі Жанна Сағындық.

2009 жылы Махмұд пен Жанна АҚШ-тағы денсаулық сақтау саласы реформасын әзірлеуге әрі оның қаржыландырылуын сараптауға қатысады. Осы кезде олардың білім, біліктілігі көрініп, ерекше көзге түскен.

«Махмұд жасы 65-тен асқан қарт адамдарға арналған әлеуметтік сақтандыруды есептеумен айналысатын топта жұмыс істейді. Ал мен аз қамтылған отбасыларды сақтандыруға қатысты сұрақтарға жауап беремін», – дейді АҚШ Үкіметінің өкілі Жанна Сағындық.

Сағындықовтар жанұясы Американың барлық 50 штатына есеп жүргізіп, азаматтардың жағдайлары бойынша болжам жасайды. Мәселен, жуырда кейіпкерлеріміз федералдық үкіметтегі әріптестерімен бірге елде тұмауға шалдығып, нашақорлыққа әуестенгендер туралы ақпарат жинаған.

«Америкада опиоидты есірткіні қолданушылардың қатары қазір өсіп келеді. Бұл үкіметтік деңгейде қаралатын  өте өзекті мәселеге айналды», – дейді АҚШ Үкіметінің өкілі Жанна Сағындық.

Махмұд та, Жанна да қазір аяққа нық тұрған. Жемісті қызмет етіп, биік жетістіктерге жетіп отыр. Халықаралық қаржы сертификатын иеленген отағасы бүгінде Американ-британ актуарлар палатасының мүшесі. Ал Жанна АҚШ-тың үздік мемлекеттік қызметкері атанып, марапатқа ие болған. Осылайша жырақ та жүрсе де ерлі зайыптылар жүрегімен Отанына байланған. Оны сұхбат барысында да анық аңғардық.

«Қазақтың дарқан даласын аңсаймын. Еліме келген кезде әрдайым пойызбен жүріп, айналаға көз тастаймын. Содан нәр алғандай боламын. Жуырда Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапары да бізге қуат берді. Қазақстан мен Американың арасында мұндай достық қарым-қатынастың бекігеніне өте қуаныштымыз», – дейді АҚШ актуарлар палатасының мүшесі Махмұд Сағындық.

Осылайша Америка Үкіметінде де білімі мен білігі қатар ұштасқан қандастарымыз қызмет етеді. Бұл мұхиттың арғы бетіндегі қазақтардың жетістігі.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандық блогер: Эротикалық фильмдердің жұлдызын не үшін мешітке кіргізді?

Ақмола тұрғыны қайтыс болған туысының банктегі ақшасын шешіп алмақ болған

ОҚО-да күйеуі мен енесі көрсеткен азапқа шыдамаған мұғалім асылып қалған

Қызылордада тұрғындардың бірі сатып алған сүт көгеріп кеткен болып шықты (видео)

Талқылау