Семейдегі тіс емханасында ер адам жүкті әйелге шабуыл жасады (видео)

Семейдегі тіс емханасында ер адам жүкті әйелге шабуыл жасады. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеодан жүкті әйелдің дәлізде тұрғанын көруге болады. Сол сәтте әйелге ер адам жақындап, қолынан ұстап, ұялы телефонға ұқсас затты жұлып алады. Осыдан кейін дәлізге медицина қызметкерлері жүгіріп шығып, ер адамды сабырға шақыруға тырысады. Шу шыққан соң кабинеттерден өзге адамдар да шыға бастайды.
Абай облысының полиция департаменті оқиғаның қаладағы тіс емханаларының бірінде болғанын растап, ер адамның ұсталғанын хабарлады.
“Полиция жүкті әйелге қатысты қорлау және құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін ер адамды ұстады. Кезекке байланысты туындаған жанжал барысында ер адам жүкті әйелге дөрекі сөздер айтып, оның ұялы телефонын жұлып алғаны анықталды”, – делінген полиция хабарламасында.
"Дәрігерге шабуыл – ұрланған өмір": Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғайтын заң қабылданды
Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар сотқа жолданып, сот 18 желтоқсанда іс бойынша шешім шығарды.
“Сот қаулысымен азамат Е әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаға тартылды”, – делінген Семей қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Науқастың шабуылынан есінен танып қалған Антон Кистанов кейіннен комаға түсті. Ауыр жарақат алған дәрігер санитарлық авиациямен Астанаға жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілген еді.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады