Семейде кондуктор жолаушыны кір киімі үшін автобустан түсіріп жібермек болды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Семейде қоғамдық көлікке билет тексеру үшін кірген кондуктор кір киімі үшін ер адамды автобустан шығарып жібермек болды. Басқа жолаушылар ер адамға араша түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеода кондуктордың ер адамнан автобустан шығуын талап еткен. Ол жолаушының лас киімі орындықты былғайтынын, сондай-ақ басқа жолаушыларға кедергі келтіретінін айтқан. Ал басқа жолаушылар ер адамның киімі таза екенін, ешкіммен жанжалдаспай, тыныш отырғанын айтып, араша түсті.
Әлеуметтік желіде тараған видео желі қолданушыларының ашуын туғызды. Олар кондуктордың жауапқа тартылуын талап етті.
“Адамгершілік қайда? Ол кісі де біз сияқты адам ғой, неге олай кемсітеді?”, “Кондукторды жазалау керек”, “Араша түскен әйелдерге алғыс”, “Ұлым мектептен келе жатып құлап, үстін былғап алған. Үйге жете алмай қалды. Өйткені кондуктор оны автобусқа кіргізбеген. Мұндайда жауапқа тарту керек”, “Жұмыстан қуу қажет”, “Жүргізушіні де, кондукторды да жазалау керек”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Болған жағдайға қатысты Семей қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Жергілікті билік ел қатарлы қоғамдық көлікпен жүруге құқылы жолаушыны емес, кондуктордың әрекетін қолдады. Сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес, қоғамдық көлікте кір киіммен және мас күйде жүруге тыйым салынатынын мәлімдеді.
“Нефтебаза” аялдамасында кондуктор жолаушының автобустың тұтқасынан ұстап, әрең кіріп жатқанын көрген. Ер адам өзін нашар сезінген болар деп ойлап, ол оған кіруге көмектесіп, кейін салонға өтті. Жолаушылардан жолақы жинап болған соң, шыға берісте, жолаушының мас екенін байқаған. Жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес, қоғамдық көлікте кір киіммен және мас күйде жүруге тыйым салынады. Осыған байланысты кондуктор ер адамнан автобустан шығуын сұрайды, алайда басқа жолаушылар ер адамның сөзін сөйлеген”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ кондуктор жолаушыларға ережені көрсетіп, заңнамаға (145-бап) сәйкес жолаушылар фото және бейне түсірілім жүргізуге құқылы екенін, бірақ оның келісімінсіз түсірілген жазбаларды әлеуметтік желіге жариялауға болмайтынын ескерткен.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
