Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайлық компания елімізде чип өндірісін жолға қоймақ: Зауыт құрылысы басталды

Фото: Freepik.com

Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды. Жоғары технологиялық өнімдер өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі мен шетелдік инвесторлар қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"SUTO KAZAKHSTAN" Қазақстан мен Қытайдың бірлескен компаниясы жобаны жүзеге асырады. Жаңа кәсіпорында чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндіреді. Жоба халықтың әл-ауқатын жақсартуға, облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жоба құны – 50 миллион доллар (25 миллиард теңге). Болашақта зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар ТМД елдері мен Еуропаға экспортталмақ.

“Мұндай өндіріс елімізде тұңғыш рет қолға алынып жатыр. Құрылыс кезінде Семей тұрғындары тартылады. Оның өзі 140 адам. Инвесторлар өндіріс толық іске қосылып, 3 айдан кейін 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп уәде беріп отыр. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға, облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен зор мүмкіндік деп айта аламыз”, – деді облыс әкімі Берік Уәли. 


"Құнын 6 миллиард долларға көтеруді ұсынған": Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын шетелдік инвесторлардың көмегінсіз салмақ


Кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін зауытқа тұрақты жұмысқа алмақ. Оқу орны мен компания өкілдері келісімге келіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

“Зауыттың қуаты шығарылатын әрбір өнімнің санына байланысты. Жарық диодтары жылына 1 млрд 200 миллион дана болып жоспарланып отыр. Шамдар 3 миллион дана. Дисплейлер 60 мың дана”, – деді кәсіпорынның бас директоры Жарқын Тұрышев.

Айта кетейік, бұған дейін Қарашығанақ пен Қашағанда екі газ өңдеу зауыты салынатыны айтылған еді. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 11:42
Талқылау