Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Концерттен түскен қаржы өрттен зардап шеккендерге жұмсалмақ болған: Семей әкімдігі Би-2 тобы қалада өнер көрсетпейтінін мәлімдеді

Семей әкімдігі ресейлік Би-2 тобының концерті өтпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Семей қаласының әкімдігі 21 маусымда өтетін Би-2 тобының концерті өтпейтінін желілерге жариялады.

"Құрметті жерлестер! Табиғи өрт кезінде болған қайғылы оқиғаларға байланысты, сондай-ақ облыс жұртшылығының  өтініштері бойынша 21 маусымда "Аренада" жоспарланған ресейлік Би-2 музыкалық тобының концерті өтпейтін болды", – делінген хабарламада.

Бұған дейін музыкалық топ Семейде өтетін концерттен түскен қаржы толықтай аймаққа қайырымдылық ретінде берілетінін мәлімдеген. 

Әкімдіктің мұндай мәлімдемесі көптің наразылығын туғызды. Қоғам белсенділері Семей әкімдігін сынға алып, әкімнің отставкаға кетуін талап етті.

“Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Би-2 тобының Семейдегі қайырымдылық концертіне қарсы шықты. Бұл көмек орман өртінен зардап шеккендерге берілуі тиіс еді. Әкім семей қаласында қайырымдылыққа жол жоқ деп пайымдаған-ау. “Жұртшылықтың өтініші бойынша” депті, қандай жұртшылық бұл? Өз басым ондай өтінішті еш жерден көрмедім. Би-2 жергілікті биліктің қайырымдылыққа тыйым салғанына аң-таң шығар”, – деп жазды блогер Ерлан Сәкенов. 

Тәуелсіз журналист, қоғам белсендісі Дана Орманбаева да әкімдікті сынады.

“Бәрібір де Би-2 Алматыдан Семейге ұшады. Бұдан асқан ақымақтықты көрмедім. Семей әкімдігі, неге халыққа қарсы шығып тұрсыздар? Ақымақтықтың шегі”, – деп жазды ол.

Осындай қарсылық білдірген пікірлерден соң әкімдік постты өшіріп тастады. 

Stan.kz тілшісі Семей әкімдігіне сауал тастап, бұл мәселені сұрап білді.

Семей әкімдігінің ішкі саясат бөліміне жауапты маман Олжас Соғымбайдың айтуынша, концерттің өту-өтпеуі әлі нақты шешілмеген.

“Концертті кейінге шегеру – әкімдіктің емес, “Арена” басшылығының инициативасы. Олар қаладағы соңғы жағдайларға байланысты концерт өткізу қаншалықты орынды деп, мұны, мүмкін, кейін өткізген дұрыс шығар деген ұсыныс тастады. Бірақ ұсыныс толық қабылданбады, қазір талқылануда. Бір шешімге келген соң, міндетті түрде оны мәлімдейміз”, – деді Олжас Соғымбай. 

Естеріңізге салсақ, Би-2 тобы концерттен түскен қаржысын Абай облысында өрттен жапа шеккендерге аударатынын айтты. Қазақстандықтар бұл бастаманы қошеметтеп, отандық әншілерге ресейлік топтан үлгі алуды сұрады.

Бұған дейін Қонаевта жоспарланған Григорий Лепстің концерті қазақстандықтардың сынынан кейін өтпейтін болғаны хабарланды.

Талқылау