Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жалғызбасты ана мен жеті баласы қай жерге паналайтынын білмей жүр

Семейде көпбалалы ана баспанаға мұқтаж. 7 баланы бір өзі тәрбиелеп отырған Эльвира Нуврузова көрінгеннің босағасын жағалап жүр. Бұл туралы КТК хабарлайды.

одна2712

Жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай ана уақытша баспана да қарастырмады дейді. Қалада тіркеуде жоқ болғандықтан балаларының уақытылы жәрдемақысынан да қағылған. Енді жұмыссыз келіншек күнделікті ішіп-жемін таппай қиналуда.

Жалғызбасты ананың баспанасы қаланың сыртында орналасқан жер үй болғанымен, айына 35 мың теңге төлейді. Алайда тұрақты жұмысы болмағандықтан оның өзін бөліп-жарып беруге мәжбүр. Бұған көнбеген қожайын одан қыс ішінде баспанасын босатуын талап етіпті. Енді барар жері, басар тауы жоқ ана балаларымен қайда барып бас сауғалайтынын білмей дал.

Қиналған отбасыға қалада тіркелмегені де жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Яғни балаларға ай сайын төленетін 35 мың теңге жәрдемақыдан да қағылған. 7 баласын бір-ақ күнде тастап кеткен отағасы да алимент төлеп жарытпайды. Ал Эльвираның жырымдап тапқаны пәтер жалдаудан аспайды.

5454

“Кейде үйден әр нәрсе пісіріп сатамын. Бірақ ол құймақ пен бәліш тұрақты кіріс көзі емес. Оның өзімен күнделікті шұғылдануға шамам жоқ. Әйтеуір, жалдамалы үйдің ақысын төлеуге тырысамын. Оны төлесем балаларым аш қалады”, – дейді көпбалалы ана Эльвира Нуврузова.

Балаларының алды 17-де, кішісі бір жаста. Олар ас іздеп бос тоңазытқышты қайта-қайта ақтарып әлек. Өкінішке қарай, ондағы көрші-қолаң мен достары әкелген азық- түлік үш күн бұрын таусылып қалған. Бірақ бәрінің арманы баспаналы болу.

“Мен өз үйіміз болса екен деймін. Сонда қарнымыз тоқ болатын еді. Тапқан- таянғанды азық-түлікке жұмсап, ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік болады. Бауырларым мен сіңлім де жыламаушы еді”, – дейді Э. Нуврузованың қызы Анастасия Нуврузова.

Эльвираның үй кезегіне тұрғанына төрт жыл болған. Алайда олар қанша уақыт өткенімен өздеріне бір баспананың бұйырмағанына қапалы. Ал құзырлы мекемедегілер тіркеусіз ешнәрсе де бітпейтінін айтады.

“Енді, қазір қай жақта тұрсада тіркеуде болуы керек. Мысалы, мектеп, балабақшаға баланы орналастырса ол кісілерде тіркеуін сұрайды. Қалада жоқ болса, онсыз ештеңе істей алмайды”, – деді Семей қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әмина Мусинова.

Мамандар мерзімінен кешіктірсе де, қолдарынан келгенше қолғабыс қылып отырғандарын айтып ақталды. Ал тіркеуде жоқ көпбалалы ананы үміт артқан үй кезегінен де алып тастауы ғажап емес. Әзірше көмек қолын созар атымтай жомарт табылмаса ақшасыз қалған жалғызбасты Эльвира мен шиеттей жеті бала жаңа жылды аш-жалаңаш күйінде далада қарсы алуы мүмкін.

Отбасының байланыс телефоны: 87759660713.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандық көріпкел әйел Шыңғысханның қайда жерленгенін көрген

Шымкентте ИМ-ның үш жас мүшесі “жихадқа” ақша табу үшін кәсіпкерге шабуыл ұйымдастырған

Шымкент тұрғыны Қызылордаға құдалыққа барғанда бұзау соймақ болғанын айтты

Атырау тұрғыны сараң күйеуімен ажырасуға арыз берді

Талқылау