Семей әуежайы авиаотын бағасын заңсыз көтергені үшін 8,8 миллион теңге айыппұл арқалады

Семей әуежайы монополияға қарсы тергеуден кейін ірі айыппұл арқалады. Сот кәсіпорынды авиаотын құнын негізсіз көтерді деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тексеру нәтижесінде компания нарықта үстем жағдайға ие бола тұра, авиаотынды монополиялық жоғары бағамен сатқаны анықталды. Бұл Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1) тармақшасында көзделген бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жатады.
Істі Семей қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Әуежай кінәлі деп танылды.
“Аталған факт бойынша Департамент әкімшілік іс қозғады. Семей қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, 8,8 миллион теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, сондай-ақ монополистік қызмет нәтижесінде алынған 8,5 миллион теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Қаулыға шағым жасалғанымен, Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулыны өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Қазір сот қаулысы заңды күшіне енді.
Әуе айлағына баға белгілеу тәсілін қайта қарап, отын құнын экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейде белгілеу туралы нұсқама берілді.
“Авиаотынды бөлшек саудада өткізу кезінде негізделген баға белгілеу арқылы монополиялық жоғары бағаны орнату мен ұстап тұруды тоқтату жөнінде нұсқама берілді”, – деп атап өтті департамент.
Ведомствоның мәліметінше, әуежай бұл талапты толық көлемде орындаған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әуежайы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 2,1 миллион теңге айыппұл арқалағаны хабарланған еді.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады