Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жоғалған сәби 9 жылдан бері табылмаған: Туыстары анасы баланы сатып жіберді деп күдіктенеді

Айшаны іздеу

Видеодан скриншот

Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалған бір жарым жасар сәби әлі күнге дейін табылмады. Кішкентай Айшаның туыстары істі қайта тергеп, анасын жазалауды талап етеді. Себебі, 2016 жылы күдікке ілінген әйел туған қызын өзенге ағызып жібергенін айтқан екен. Бірақ Ертісті шарлап шыққан жақындары денесін таппаған соң, қазір қыздың не өлі, не тірі екенін білмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әкесінің туыстары Айшаны шарқ ұрып іздеп жүргеніндеріне тоғыз жылдан асты. Олардың айтуынша, отбасылық жанжалдан кейін келіндері бір жарым жастағы қызды алып, түнде Ертіс өзеніне ағызып жіберген. Содан кейін шырт ұйқыда жатқан күйеуін оятып, сұмдық қадамға барғанын мойындады дейді.

“Бауырымды оятқан осылай-осылай мен баланы Ертіске  ағызып жібердім деген. Содан кейін бауырым Ертіске барып іздеген баланы, сонда тапқаны тек күртешесі. Біз баланы сатып жіберді не туыстарына, әлде басқа біреуге бере салды ма деп ойлаймыз”, – деді Айшаның әпкесі Зарина Серікболсын. 

“Қандай болса да әркім өз жазасын алу керек қой. Адамның алдында да, туыстардың алдында да кешірім сұрап мойында дедім. Ол бала жоқ қой деп бәрін сұрақ белгісімен қалдырады. Жауаптың бәрін сұрақ белгісімен қалдырып тұр”, – деп қосты Мақпал Маткасимова. 

Жалғыз қызын таба алмаған әкесі ауыр күйзелістен кейін өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған екен. Ал кішкентай бүлдіршіннің анасы басқа отбасын құрған. Алғашында күдікке ілінген 36 жастағы келіншектің бостандықта жүргеніне қайын жұрты наразы.

“Келін баланың қайда екенін, шындығын айтпайды. Содан бері міне тоғыз жыл уақыт өтті, балам бұл дүниеден өтіп кетті. Енді баланың аруағы түске кіріп мына жақта балам жоқ дейді. Баланы ана жақтан іздеңдер, бұ жақта балам жоқ дейді. Енді баланың аруағы разы болсын деп немереге қайта тоғыз жылдан кейін ісін қайта қозғап отырмыз”, – деді Айшаның атасы Нұрлан Серікболсын. 

Атасы немересінің тірі екеніне сенімді. Сондықтан істі қайта тергеп, кінәлі адамды жазалауды талап етеді. Ал полиция Айшаның анасы куәгер ретінде жауап бергенін айтады. Қылмыстық құрам болмағандықтан тергеу тоқтатылған. Алайда тұрғындардың шағымынан кейін мұрағатқа кеткен іс тоғыз жылдан соң қайта қозғалыпты.

Назархан Уән
Жексенбі, 15 Наурыз, 2026 13:49