"Жоқ пәтердің кілтін табыстаған": Жетісу облысының әкімі тәрбиешіге берілген үйге қатысты даудың неден басталғанын түсіндірді
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданында тәрбиешіге берілген үйге қатысты дау жөнінде айтып, мәселенің бүгінде толық шешілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Облыс әкімінің сөзінше, мәселені “алматылық блогерлер” өршітіп жіберген.
“Әкімшілік үйді сатып алып берді. Азамат жетімдер үйінде тәрбиеленген. Әкімдік үй алып берейін десе, сатушы үйді тек желтоқсанда босатып бере алатынын айтқан. Мәселе осыдан шыққан. Оның үстіне сахнада елдің көзінше үйдің кілтін берді деген шындыққа жанаспайды. Айтылған әңгіме символикалық тұрғыда айтылған. Сегіз күннен кейін екінші үйді тауып беріп, азамат өзі барып көріп, көңілінен шығып, рәсімдеп берді. Қазір жаңа үйде тұрып жатыр”, – деді Бейбіт Исабаев.
Еске салайық, Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов балабақша тәрбиешісі Галина Деминаға жоқ үйдің кілтін салтанатты түрде табыс еткен. Деминаның айтуынша, әкімдік тұрғын үймен "мәселені шешемін" деп уәде берген. Бірақ содан бері екі апта өтсе де, ешкім көмек көрсетуге тырыспаған.
Алайда кейін әйел "Қирандыға айналған үйде тұрып жатырмын" деген әйел, енді мәселе шешілгенін айтып отыр. Сөзінше оны видеоға біреулер өзінің рұқсатынсыз түсіріп алған. Әйел жұма күні жаңа үйіне көшетінін де жеткізген.