Ақбөкендердің етінен ауру жұғуы мүмкін бе? Ауыл шаруашылығы министрлігі желілде тараған ақпаратқа жауап берді
Фото: freepik.com
Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде тараған ақбөкендердің етінен жұқпалы ауру жұқтыруы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің айтуынша, ақбөкендерден адамға немесе басқа малдарға жұғуы мүмкін өте қауіпті аурулардың (мысалы: күйіс қайыратын оба, аусыл, бруцеллёз, пастереллёз, сібір жарасы және т.б.) таралуының алдын алу үшін, Ұлттық ветеринария орталығы ақбөкендерді үнемі тексеріп отырады. Сондай-ақ, ақбөкендермен бірге бір жайылым мен су ішетін жерлерді пайдаланатын үй жануарлары да тексеріледі. Бұл – егер сайғақтарда ауру болса, ол үй жануарларына жұқпасын деген мақсатпен жасалады.
Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда ақбөкендер санын реттеу шараларына Қазақстанның алты облысындағы 24 сою пункті тартылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, олардың барлығы ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келеді: сою цехтары, тоңазытқыш камералар, және етті ілуге арналған құрылғылар бар. Ақбөкеннің сойылған денелері рефрижераторларда жеткізіледі. Содан кейін олар ветеринариялық бақылаудан және ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді.
"Ақбөкендер еті міндетті зерттеуден өтеді. Бұл ұшаның, ішкі ағзалар мен басының органолептикалық (көзбен көру, иіскеу, сипау) тексерісі, барлық қолжетімді лимфа түйіндерін ашу және ішкі ағзаларды тіліп қарау; қайнату арқылы сынама алу; финнозға (цистицеркозға) тексеру; радиациялық фон деңгейін анықтау. Ұшалар ветеринариялық талаптарға сай келген жағдайда олар әрі қарай бөлшектеліп, өңдеуге жіберіледі. Ал қалдықтар кәдеге жаратылады", – деп хабарлады ведомстводан.
Өндірілген өнімге оның шығу тегін, алынған жерін, қауіпсіздігі мен сапасын растайтын ветеринарлық анықтама беріледі.
"Ішкі сауда орындарында күнделікті бақылау жүргізіледі. Ветеринарлық инспекторлар сою орнының мөрі мен ветеринарлық анықтаманың болуын, тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын және зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға Ақбөкен етін арнайы белгіленген орындардан және ветеринарлық құжаттары бар жерлерден сатып алуға кеңес береді", – делінген хабарламада.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
