"Саяси ойын": Ресейдің Украина жеріне басып кіруі мүмкін бе және бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
Қараша айының басында әлемдік БАҚ беттерінде Ресейдің Украинамен шекарадағы әскер санын көбейтіп жатқаны туралы ақпараттар тараған. Кейін Украинаның Қорғаныс министрлігі Мәскеудің украин жеріне басып кіру қаупі барын және оны қаңтар айының аяғында немесе ақпан айының басында жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Ал Ресей билігі өз кезегінде бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, Киев тарапы шиеленісті одан әрі күшейту мақсатында айтып жатқанын жеткізді. Шын мәнінде Ресейдің Украинаға басып кіруі мүмкін бе және солай болған жағдайда бұл Қазақстанға қалай әсер етеді? Stan.kz тілшісі осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрді.
Ресей мен Украинаның шиеленісі
Ресейдің Украина жеріне басып кіру қаупі жөніндегі алғашқы ақпараттар Батыс басылым беттерінде жарияланды. Желтоқсан айында Associated Press пен The Washington Post басылымдары америкалық барлау дереккөздеріне сүйеніп, Ресейдің 2022 жылдың алғашқы апталарында Украинаға қарсы шабуылға дайындалып жатқанын мәлімдеген.
Бұған дейін Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов та Мәскеудің Украина аумағына қаңтардың аяғында немесе ақпан айының басында басып кіруді жоспарлап отырғанын және бұл үшін шекараға 92 мың әскер жібергенін айтқан.
Владимир Путин Ресейдің Украинаға басып кіруі мүмкін деген ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарғанына қарамастан екі ел арасындағы шиеленіс күшейе түсті.
The Washington Post басылымы тіпті аты аталмаған АҚШ шенеуніктері мен барлау құжаттарына сілтеме жасай отырып, Ресейдің Украинаға басып кіруді жоспарлап отырғанын және көптеген фронттардағы шабуылдың картасын жасағанын жазды. Аты-жөні анонимді қалған АҚШ әкімшілігінің ресми өкілі сондай-ақ орыстардың бронетехникалар мен артиллерияны қолданғалы жатқанын айтқан.
Мәскеудің шабуыл жоспары
Германияның Bild басылымы The Washington Post жариялаған картаға және НАТО мен қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздерге сүйене отырып, Ресейдің Украинаға жасамақ шабуылының анық-қанығын әшкерелеген. Басылымның жазуынша, жоспар бойынша бірінші кезеңде Украинаның оңтүстігінен Қырымға жеткізуді қамтамасыз ету, сонымен қатар Украинаны теңізден ажырату жолдары қарастырылған. Сондай-ақ Мәскеу ресейлік танк бөлімшелерін Луганск және Харьков облыстарына әкеліп, елдің солтүстік-шығысындағы ірі Днепр мен Полтава қалаларына жылжуды көздейді.
Дереккөз сондай-ақ қалаларда электр жарығын үзіп, газды өшіріп, азық-түлік жеткізудің жолына тосқауыл қойылатынын жеткізген.
- Украина және қауіпсіздік. Путин мен Байден кездесуінде қандай мәселелер көтерілді?
- Ақ үй Ресейдің Украинаға үш жағынан шабуыл жасауға дайындық жасап жатқанын мәлімдеді
НАТО стратегтерінің болжамынша, үшінші кезеңде ресейлік әскерлер Киевке солтүстіктен шабуыл жасайды. Олар Украинаның батыс облыстарынан келетін жүктерді тоқтату үшін Коростен-Умань линиясын жабады. Осылайша Киевті толық басып алады, деп жазады ақпарат көздері.
Киевтің қарсы әрекеті
Украина әскерилері Ресей тарапынан болатын шабуылға дайын болу үшін Одесса қаласына техникаларын тасымалдай бастаған. Қала көшелеріндегі әскери көліктердің көші түсірілген жазбаны "Әскери бақылаушы" Telegram-арнасы жариялаған.
Видео кадрларынан қала көшелерімен өтіп бара жатқан артиллериялық қондырғыларды, бірнеше зымырандар жүйесін және броньді техникаларды көруге болады.
Ресей мен Украина шиеленісінің Қазақстанға әсері
Белгілі журналист әрі саясаткер Әміржан Қосан екі елдің арасындағы шиеленістің Қазақстан үшін пайдасынан гөрі зияны көбірек болатынын айтты.
"Біз Ресеймін бірге Еуразиялық одақта болғаннан кейін бұл дау ушығатын болса бізге кері әсер ететін болады. Кезінде Ресей мен Қазақстан келісім шартқа қол қойғанда ол жерде екі ел бірлескен сыртқы саясат жүргізеді деген бап бар болатын және оған біздің президенттер қол қойған. Сондықтан біз қазір екі оттың ортасында қалып отырмыз", - деді саясаткер.
Ол сонымен қатар Ресей тарапынан жасалынып жатқан әскери қоқан-лоққының саяси астары бар екенін айтты.
"Қазіргі ХХІ ғасырда дүниежүзілік ұйымдардың жұмыс істеп тұрған шағында бір елдің екінші елге баса көктеп кіре салуы мүмкін емес. Ол нонсанс. Мен бұл жерден Ресейдің саяси ойынын көріп отырмын. Мәскеу онсызда шиеленісіп тұрған Донбасс пен Луганск өңіріне әскерін алып келіп, мәселені ушықтыру арқылы әлемнің назарын басқа жаққа бұрғысы келетіндей", - деп түсіндірді Әміржан Қосан.
Сондай-ақ америкалық саясаттанушы Брюс Маркс "Известия" басылымымен болған сұхбатта Ресейдің әскерімен Украина жеріне басып кіруін екіталай деп санайтынын жеткізген.
"Менің ойымша, Ресейдің Украинаға шекара арқылы әскерлерін жіберуі екіталай нәрсе. Байден Путинге егер Ресей Украинамен қақтығысты одан әрі ушықтыра беретін болса, оған ауыр санкциялар салынуын ескертуді қажет деп ойлаймын", - деді Маркс.
Саясаттанушының пікірінше, Байденнің қандай ұстанымда болатынын Путин алдын ала білген.
Әлем елдерінің көзқарасы
Бұл мәселеге қатысты әлем мемлекеттері де өз позицияларын білдіріп жатыр. Мысалы үшін, Германия мен АҚШ үкіметтері Ресейдің Украинаға әскери агрессиясы күшейген жағдайда "Солтүстік ағын-2" газ құбырын жабу жөніндегі келісімге келген.
Екі елдің билігі әскери агрессияның анықтамасы бойынша келісті ме, жоқ па, ол белгісіз, бірақ АҚШ президентінің әкімшілігі Ресейдің "агрессивті әрекеттері" жағдайында Германияның "Солтүстік ағын-2" бойынша жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтты. Америкалық дипломаттардың пайымдауынша, мұндай жағдайда санкцияға ұшыраудан сескенген мемлекеттер ресейлік газ құбырмен жұмыс істеуден бойын аулақ ұстайды.
Ресейдің жауабы
Washington Post және Politico газеттеріндегі алғашқы жарияланымдардан кейін Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әскерді шекараға шоғырландыру жөніндегі ақпаратты жоққа шығарып, америкалық журналистердің жұмысын "сапасыз айыптау" деп атады.
Кремль өкілі бұл басылымдар "шиеленісті негізсіз күшейтіп" жатқанын айтып, Ресейдің ешкімге зиян келтірмейтінін жеткізген. Путиннің өзі "Россия 24" арнасына берген сұхбатында америкалық басылымдардың жазбасына "жалған дабыл" деп баға берген.
- Сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қалай болатынын болжады
- "Өмірін саясатқа арнаған адам ақша табуды мақсат етпейді": Германияны 16 жыл басқарған Ангела Меркель несімен есте қалды?
Сонымен бірге Мәскеу керісінше Украиналық тарапты айыптап, олардың өзін-өзі жариялаған ДХР мен ЛХР-ға шабуыл жасауға дайындалып жатқанын және өз армиясының жартысына жуығын Донбасстағы демаркация сызығына жинай бастағанын айтқан.
Ресейдің сыртқы барлау қызметі тіпті Украинаның шығысында болып жатқан жағдайды, Оңтүстік Осетияда соғыс басталғанға дейін 2008 жылы қалыптасқан жағдаймен салыстырған.
"Біз мұндай жағдайды Грузияда 2008 жылы оқиға қарсаңында байқадық. Ол кезде "сызықтан өтіп кеткен" Михаил Саакашвили ресейлік бітімгершілік күштер мен Оңтүстік Осетияның бейбіт тұрғындарын жоймақ болды. Және бұл оған қымбатқа түсті", - деді барлау қызметі.
Путин мен Байденнің кездесуі не шешті?
Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Джо Байден 7 желтоқсан өткен сейсенбі күні телекөпір арқылы екі сағаттық келіссөздер жүргізген және оның басты тақырыбы Украина төңірегіндегі жағдайға арналды.
Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі елдің көшбасшылары қауіпсіздіктің маңызды мәселелері, соның ішінде НАТО-ның шығысқа қарай жылжуынан бас тарту және Ресеймен шекаралас елдерде соққы қаруын орналастыру мәселелері бойынша "маңызды консультациялар" туралы келісімге келген.
Басқосу барысында Байден Ресей әскерлерінің Украина шекарасына жақын орналасуына алаңдаушылық білдірген және АҚШ пен оның одақтастары жағдай одан әрі шиеленіскен жағдайда тосын шешім қабылдауға дайын екенін айтқан.
Путиннің көмекшісі Ушаковтың сөзінше, АҚШ тарапы саясат, экономика және қаржы саласындағы ықтимал санкциялар туралы айтқан. Ақ үй бұл шаралардың мазмұнын ашып көрсетпеуді жөн санап, өздерінің "2014 жылы жасамағандарын қолға алуға" дайын екенін жеткізген.
Бұған жауап ретінде Путин барлық жауапкершілікті Мәскеуге артып қоймау қажеттігін баса айтады. Сонымен бірге ол Ресейдің НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі жылжуын және Ресеймен шекаралас елдерде соққы қаруын орналастыруды болдырмайтын сенімді, заңды түрде бекітілген кепілдіктерге мүдделі екенін ұқтырған.
Байден мен Путиннің кездесуінен кейін АҚШ санкциялардың бір бөлігін алып тастады. Кездесуден кейін бірден Америка конгресінің екі палатасы келісілген қорғаныс бюджеті жобасынан Ресейге қарсы санкцияларды алып тастайтыны туралы белгілі болған. Оның ішінде атап айтқанда "Солтүстік ағын-2" газ құбыры бойынша санкцияларға, Ресейдің егемендік қарызына қарсы шараларға, сондай-ақ Путиннің айналасындағы 35 ресейлікке қарсы санкцияларға сілтемелер қамтылмаған.
Киевтің пікірі
Владимир Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Путин мен Байден келіссөздерінің нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, келіссөздер барысындағы мәлімдемелер "Украинаның пайдасына" шешілгенін атап өткен. Ал Зеленскийдің өзі әзірге Ресей мен Америка көшбасшыларының кездесуіне қатысты пікір білдірген жоқ.