Қазақстанға не үшін бір палаталы парламент қажет және Тоқаевтың жаңа реформасы неге әкеп соғады
Фото: ChatGpt арқылы жасалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау кезінде бір палаталы парламент құру туралы ұсынысын білдірді. Осы орайда заң қабылдау процесіне бұл шешім қалай әсер етеді, спикердің өкілеттігі қалай өзгереді деген сауалдарға саясаттанушылар жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Парламент спикері болуға экс-президент те таласа алады”
Саясаттанушы Досым Сәтпаев президенттің бір палаталы парламент құру ұсынысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл тақырып бұрыннан бері талқыланып келе жатыр. Өйткені унитарлы мемлекетте екі палаталы парламенттің болуы тиімді жүйе емес дейді Сәтпаев.
“Мемлекет басшысы биыл жасаған жолдауында бір палаталы парламент құруды ұсынды. Бұл – көптен бері айтылып келе жатқан тақырып. Мысалы, 2022 жылдың ақпан айында, қаңтар оқиғасынан кейін мен "Қазақстанға қандай парламент керек?" деген мақала жаздым. Онда пропорционалды-мажоритарлық жүйе негізінде бір палаталы парламент құру керегін атап өттім. Себебі унитарлы мемлекетте екі палаталы парламенттің болуы тиімді жүйе емес”, – деді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол бұрын екі палаталы парламенттің қандай жағдайда құрылғанын жеткізді.
“Қазақстанда екі палаталы парламенттің пайда болуы елдің экс-президенті мен Жоғарғы Кеңестің арасындағы 90-жылдардың басындағы саяси қақтығыстардың салдары еді. Сол кезде Жоғарғы Кеңесте парламенттік республика құруды жақтағандар қатарынан болған. Бірақ 1995 жылдың тамызында жаңа Конституция қабылдау жөнінде референдум өткен соң қазіргі парламент құрылды. Бұл жүйеде cенат ұзақ уақыт бойы билік үшін қосымша "қорғаныс" рөлін атқарып келді”, – деді саясаттанушы.
Досым Сәтбаевтың айтуынша, парламент бір палаталы болса, оның спикері президенттен кейінгі мәртебеге ие болады. Тіпті оған бұрынғы президенттің де таласуға мүмкіндігі бар.
“Тоқаевтың ұсынысы парламенттік жүйені демократияландыруға емес, билікті жаңа транзитке дайындауға бағытталған сияқты. Егер парламент бір палаталы болса, онда оның спикері Конституция бойынша президенттен кейінгі ең жоғары мәртебеге ие болады. Бұл дегеніміз елде тағы бір маңызды лауазым пайда болады, яғни ол парламент спикері қызметі. Ал оған экс-президенттің де таласуға мүмкіндігі бар. Бірақ сайлау заңнамасын тәуелсіз өткізуге мүмкіндік бермейді. Партиялық өрісті ашпай, авторитарлық жүйе сол күйінде қала береді. Депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау жоспарланып отыр. Бұл парламентті президентке толық тәуелді етіп сақтап қалудың амалы. Мұндай жағдайда парламентте тек билікке жақын партиялар үстемдік етеді. Олардың жұмысын президент әкімшілігі қадағалап, реттеп отырады. Яғни бәрі "қолмен басқару" стилінде жүреді”, –дейді Сәтпаев.
Досым Сәтпаевтың сөзінше, партиялар бір палаталы парламентке өтсе халықтың оларға деген сенімі азаяды.
“Мен өз мақаламда дәл осындай жүйеге қарсы екенімді айттым. Парламенттің төменгі палатасын тек пропорционалды жүйемен сайлау халықтың көзінде парламенттің заңдылығын төмендететін басты себептердің бірі болады. Себебі, бір палаталы парламентке өтетін партиялардың өздері де сондай төмен легитимдікке ие болады. Себебі партиялардың өздері де халық арасында беделсіз. Ал жабық партиялық тізімде сайлаушы жеке тұлғаға емес, бүкіл партияға дауыс береді. Бұл халықтың сенімін одан сайын азайтады. Депутаттар халыққа емес, партия басшылығына көбірек тәуелді болады”, – дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ саясаттанушы мұндай жүйе халықтың таңдау құқығын шектейтінін жеткізді.
“Бұл жол тығырыққа апарады. Себебі қаңтар оқиғасының себептерінің бірі елдегі жиналған наразылықтың заңды түрде шығатын жолы болмады. Оппозициялық партиялар жұмыс істей алмады. Ал "зомби-партиялар" халықтың талабын жеткізе алмады. Соның салдарынан қоғамдағы қысым "паровоз қазаны" сияқты жарылды. Оған қоса, пропорционалды жүйе халықтың таңдау құқығын шектейді. Өйткені көптеген азаматтар ешқандай партияға кірмеген. Алайда халық өзі сенетін, нақты кандидаттарға дауыс бергісі келеді”, – деді Сәтпаев.
“Партия басшысының рөлі артады”
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев әуелі өз әңгімесін референдумның қашан өтетінінен бастады. Айтуынша, референдум 2027 жылдың басына жоспарланады.
"Егер халық түзетулерді қабылдаса, онда қазіргі Парламент таратылып, Конституцияға сәйкес кезектен тыс сайлау өткізіледі. Сол сайлау нәтижесінде жаңа бір палаталы Парламент құрылады. Әрине, жаңа бір палаталы Парламенттің өкілеттігі айтарлықтай күшейтілуі мүмкін. Қазір Мәжіліс премьер-министрді бекітеді және Үкімет құрамын келіседі. Ал Сенат президентке тікелей бағынышты органдардың – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Жоғарғы сот сияқты мекемелердің басшыларын бекітеді. Екі палата бірігіп Конституциялық сот мүшелерін тағайындайды. Ал егер екі палата біріктірілсе, бұл шешімдердің барлығын бір ғана палата қабылдайды. Яғни Парламенттің жалғыз палатасындағы партиялық көпшілік. Ал сайлау тек пропорционалды жүйе бойынша өтетінін ескерсек, негізгі шешімдер депутаттық мандатты бақылайтын партия басшылығының қолында қала береді", – деді Әбішев.
Оның айтуынша, бір палаталы парламент жүйесі қабылданса партия басшысының рөлі артады.
"Бұл көпшілік салыстырмалы ма, абсолютті ме немесе конституциялық па соған қарай партия басшысының ықпалы да күшейе түседі. Егер мандаттарды бөлу тәртібі бұрынғыша қала берсе және бір партия жалпы мандаттардың үштен екісінен астамын алса, әрі сол партия төрағасы өзі Парламентке келіп, спикер болуды шешсе ол бүкіл мемлекеттегі шешуші тұлғалардың біріне айналады", – дейді саясаттанушы.
Бір палаталы парламент әртүрлі елдер тәжірибесінде
Еуропа тәжірибесі
Еуропада бір палаталы парламент құру – сенімге негізделген қадам. Мысалы, Швеция, Дания, Финляндия сияқты елдер жоғарғы палатасыз-ақ жұмыс істейді. Өйткені оларда мықты сот жүйесі, тәуелсіз омбудсмендер және еркін бұқаралық ақпарат құралдары бар. Осы институттар жоғарғы палатаның орнын толтырып, қоғамдағы тепе-теңдікті сақтап отыр. Britannica энциклопедиясы мұны демократиялық баланстың ерекше үлгісі ретінде сипаттайды.
Америка мысалы
АҚШ-та жағдай өзгеше. Елдегі 50 штаттың ішінде тек Небраскада ғана бір палаталы парламент бар. Бұл жүйе сенатор Джордж Норристің табандылығының арқасында қалыптасты. Ол ондаған жылдар бойы екі палата артық шығын мен қайталанушылық деп халықты сендіріп келді. 1934 жылы тұрғындар реформаға дауыс беріп, содан бері Небраскада бір палаталы жүйе орнығып, саяси мәдениеттің бөлшегіне айналды. Бұл туралы Nebraska Legislature кеңінен жазады.
Азиядағы алуан түрлілік
Азияда шешімдер спектрі әлдеқайда кең. Израильде Кнессет деп аталатын парламент бір палаталы әрі депутаттар тек партиялық тізім бойынша сайланады. Саяси өмір өте қызу, тіпті сайлау жиі өтіп тұрады. Бірақ соған қарамастан, бұл жүйе тұрақтылығын сақтап келеді. Ал Моңғолия мен Өзбекстан аралас үлгіні таңдаған. Мұнда депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімнен өтсе, екінші бөлігі аймақтық округтерден сайланады. Бұл партия мен өңір мүдделерін ұштастыруға жасалған қадам.
Африкадағы ерекше үлгі
Угандадағы тәжірибе де назар аударуға тұрарлық. Елде парламент бір палаталы, бірақ әйелдер үшін арнайы квота бекітілген. Әр округтен кем дегенде бір әйел депутат болуы тиіс. Мұндай модель ықшамдылық пен әлеуметтік топтардың өкілдігін қатар қамтамасыз етеді. Бұл туралы UN Peacemaker баяндамасында атап өтілген.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
