Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саябақ ортасында": Қазақстандағы ірі құрылыс ұйымының сыртқы жарнама мәтінінде қате кеткен (видео)

Бүгінде қала көшелеріндегі түрлі тауарды жарнамалайтын билбордтардағы қателерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, Алматыдағы Достық, 132 мекенжайында BAZIS-A компаниясының жарнамасы баннерге ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Жарнаманың орыс тіліндегі нұсқасында "В окружении парков" деген сөзді қазақшаға "саябақ ортасында" деп мағынасы қате аударылған.

Өкінішке қарай қаңтардан бері бұл жарнама әлі күнге дейін орнында тұр. Түзетулер жасалмаған. Дұрысы, "табиғат аясында" болады.

Қате жарнама бойынша Қазақстанның ірі құрылыс ұйымы және құрылыс салушы BAZIS-A компаниясына хабарластық. Call-центрдағы қызметкерлері жарнама бөлімінің байланыс нөмерін бере алмаймыз және білмейміз деп жауап берді. Кері байланысқа шығуға мүмкіндік болмады.

Еске салайық, Stan.kz ақпарат агенттігі 24 мамырда республикалық онлайн диктант өткізеді. Осылайша біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлгіміз келеді. Осы ретте енді біз қала көшелеріне шығып, стендтер мен билбордтардағы, жарнама беттеріндегі қазақша жазулардың дұрыс жазылуын тексереміз, қателерін анықтаймыз. Қай жері қате және оны қалай түзеуге болатынын қарастырамыз. Қала көшелерінде, аудан орталықтарында қазақша қате жазылған тіркестерді бізге жіберу арқылы, шараға сіз де атсалыса аласыз!  Қатені фото-видеоға түсіріп, біздің Instagram-ға жіберіңіз. 

Бұған дейін белгілі Mi интернет-техника дүкенінде "Празднуем переезд скидками" деген сөйлемді қазақшаға "жеңілдіктерді көшумен атап өтеміз" деп жөнсіз аударғанын жаздық. Дүкен менеджері Grand Park сауда ойын-сауық кешенінен Жаңа жылға дейін, яғни 2024 жылдың басында көшіп кеткенін айтты. Сонымен қатар ол жаңа көшіп барған жерде мұндай олқылықтың болмауын қадағалаймыз деп жауап берді.

Талқылау