Сауда министрі жаңажылдық дастарханға 120 мың теңге жұмсайтынын айтты

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жаңа жылдық дастарханның басты тағамы оның отбасында асылған ет екенін айтты. Оның айтуынша, мерекелік кешкі асқа жұмсалатын шығын шамамен 100-120 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Басты тағам асылған ет болады. Ақшаны әйелім жұмсайды. Әрдайым сауданың шегі болады. Мен Сауда министрі ретінде базарға жиі барып саудаласамын. Бұл қалыпты жағдай", - деді Шаққалиев Мәжіліс кулуарында.
Журналистер министрден сатушылар оған жеңілдік жасай ма деп сұрады.
"Әрине. Аздап жеңілдіктер бар, азы 5 мың теңгеден, көп болса 10 мың теңгеден жеңілдік жасайды. Барлығы тауар сапасына байланысты, таңдаулысы қымбатырақ болады. Бірақ тұрақты клиент ретінде жеңілдік жасайды, кей жерде есептелген соманы дөңгелектеп, азайтып береді", - деді ол.
Министрдің айтуынша, ведомство есептеуі бойынша қазақстандықтардың Жаңа жылдық дастарханға жұмсайтын орташа шығыны 73 мың теңге шамасында. Алайда Шаққалиевтің отбасында шығын жоғары болмақ.
"Біздің отбасымыз үлкен, сондықтан шығын да көбірек болады деп ойлаймын. Шамамен 100-120 мың теңге. Осы бюджетке сүйенеміз", – деп түйіндеді Сауда министрі.
Айта кетейік, бұған дейін Үкіметте жаңажылдық дастарханның құнын 70 мың теңге деп бағалағаны хабарланған еді.
"Қазақ қыздары жеңіл жүрісті дегенге намыстандым": 6 жыл Кореяда жұмыс істеген отандасымыз автоүй мен кемелер жасаған