Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауд Арабиясындағы саммитке қатысушылар декларациясы: Мұсылман елдері Палестина мемлекетін құруды қолдады

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасы басшыларының бірлескен саммиті аяқталды. Қорытынды декларацияда оған қатысушылар Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін айыптап, "егеменді Палестина мемлекетін" құруды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Cурет WANA NEWS AGENCY/REUTERS

Саммитке қатысушылар Палестина мемлекетінің шекарасын 1967 жылғы 4 маусымдағыдай, астанасы Шығыс Иерусалимде болуы керек екенін жеткізді. Декларация "Газаны Батыс жағалаудан, соның ішінде Шығыс Иерусалимнен бөлуді күшейтетін кез келген ұсыныс" қабылданбады.

Мұсылман елінің жетекшілері Израильдің Хамасқа қарсы әскери операциясын өзін-өзі қорғау деп атаудан бас тартты. Олар Газа қоршауын тоқтатуды және аймаққа гуманитарлық көмек тиелген араб, ислам және халықаралық конвойларды кіргізуді талап етті. Одан бөлек Израильді "жүйелі түрде агрессивті саясат пен оккупация тәжірибесі" үшін айыптады.

Саммитке қатысушылар Израиль Газада "әскери қылмыстар" жасады деп есептейді. Сол себепті мұны Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры тексеруі керек екенін алға тартты. Бұл жерде БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі Израильді айыптайтын қарар қабылдауы керек екені жеткізілді. 

Сауд Арабияның тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың ұйымдастыруымен өткен саммитке Иран президенті Ибрагим Раиси, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл Тани және Сирия президенті Башар Асад бастаған араб және мұсылман елдерінің ондаған басшылары қатысты. Оған Қазақстаннан премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған делегация да қосылды. 

Еске салсақ, Араб елдері Израильмен бейбітшілік орнатуда басты шартты атағанын хабарлаған едік. Кейін премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанның палестиналықтардың өз мемлекетін құрудағы заңды құқықтарын қолдайтынын мәлімдеді.

Талқылау