Айыппұл мен депортация: Сауд Арабиясы 2025 жылғы қажылыққа қатысты жаңа ережелер енгізді
Фото: istockphoto.com
Сауд Арабиясы 29 сәуірден бастап қажылық маусымы кезінде Мекке мен Мәдина қалаларына кіру талаптарын күшейтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді арнайы рұқсатсыз қажылық жасауға талпынған адамдарға қатысты шектеу шаралары енгізіледі. Шектеулер 10 маусымға, қажылық аяқталғанға дейін күшінде болады.
Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының мәліметіне сәйкес, қасиетті мекендерге тек арнайы қажылық визасы арқылы ғана кіруге болады.
Сауд Арабиясының ішкі істер министрлігінің мәліметінше, белгіленген кезеңде рұқсатсыз қажылық жасауға немесе оған әрекеттенуге тырысқан тұлғаларға, сондай-ақ елге келуге арналған кез келген түрдегі виза иелерінен Мекке қаласына немесе қасиетті орындарға кіруге тырысқандарға 20 000 сауд риалына (5,3 мың доллар) дейін айыппұл салынады.
"Билет пен қонақүй брондалмаған": Алматыда 70-ке жуық адам Умра қажылығына ұша алмай қалды
Сондай-ақ қажылықты рұқсатсыз орындаған немесе орындауға әрекеттенген адамдарға, сондай-ақ тыйым салынған кезеңде Мекке мен қасиетті орындарда болғандарға виза рәсімдеп берген кез келген тұлғаға 100 000 сауд риалына (шамамен 26 мың доллар) дейін айыппұл салынады.
Қажылықты заңсыз орындауға тырысқан тұлғалар депортацияланып, он жылға дейін Сауд Арабиясына кіру құқығынан айырылады.
Сонымен қатар министрлік туристік визамен келген, бірақ қажылыққа рұқсаты жоқ адамдарды Мекке мен қасиетті орындарға жеткізген көлік құралдары сот шешімі арқылы тәркіленетінін мәлімдеді.
Елдің туризм министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымына дайындық аясында Мекке қаласындағы барлық қонақ үйлерде қажылыққа рұқсаты жоқ немесе қажылық маусымы кезінде жұмыс істеуге не тұруға ресми рұқсат беретін құжаты жоқ адамдарды орналастыруға қатаң тыйым салынған.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда ер адам 180 қазақстандықты Меккеге қажылыққа апарамын деп алдап кеткені туралы жазған едік.