"Сау адамды ауру қылатын фильм": Отандық "Ауру" фильміне цензура қойылды
Фото: Видеодан скриншот
13 қарашадажан бастап еліміздің кинотетарларында “Ауру” фильмі көрсетіле бастады. Алайда фильм авторлары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің цензурасына байланысты сюжет желісіндегі маңызды бірнеше кадрды алып тастауға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фильмнің режиссері Айтөре Жолдасқали Telegram-арнасында кеше көрерменге жол тартқан фильмнен бірнеше көрініс алынғанын айтты.
“Өкінішке қарай, бәрі айтып жүрген “Ауру” фильмінен бірнеше кадр цензураға байланысты алып тасталды. Кеше жарық көрген фильмде бір толық көрініс, кейбір жерлерінен қысқа-қысқа кадрлары алып тасталған”, – деді
Режиссердің сөзінше, алдағы күндері фильмнің жаңа нұсқасы шығуы да мүмкін.
“Алдағы күндері фильмнің басқа нұсқасы шығуы мүмкін. Біз фильмге 18+ санаты берілуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мүмкін блюрленген, яғни қатты цензураланған нұсқа шығар. Бұл, әрине, өте ауыр тиеді. Шынымды айтсам, не айтарымды да білмеймін… Мен үшін ең көңілге қаяу түсіргені – фильмнің мағыналық тұрғыдан финалды толық өзгертіп жіберетін соңғы көріністі кесіп тастағаны”, – деді режиссер.
Айтөре Жолдасқалидің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігінің басапқы цензурасы қатігездік көріністеріне ғана емес, фильмге мағыналық тереңдік беретін эпизодтарына да қойылған. Мәселен фильмнің финалын түбегейді өргертетін көрініс толық алынып тасталған. Алайда, бұған қарамастан “Ауру” фильмін прокатқа шығаруға бір күн қалғанда оның санаты “18+”-тен “21+” санатына ауыстырылған. Бұл санатқа жататын фильмдер кинотеатрларда тек 22:00-ден 06:00-ге дейін көрсетіледі, ал бұл фильмнің табысына әсер ететіні анық.
Фильмді көргендердің пікірі
Фильмнің прокатқа шыққанына бір күн ғана өткеніне қарамастан, туындыды көріп үлгергендер әлеуметтік желіде түрлі пікір қалдырып жатыр.
Бірі фильмнің идеясын ұнатып, онда қоғамдағы мәселе көтерілгенін жазған.
“Бүгін "Ауру" фильміне барып қайттық. Шынымен жаңа деңгей. Фильм қазіргі қоғамдағы аса өзекті тақырыпты қозғайды. Бірақ көп адам айтқандай "психологиялық травма береді" дегендей әсер болмады. Мүмкін мен одан да ауыр, сұмдық фильмдер көріп үйренгендіктен шығар”, “Кеше “Ауру” фильміне бардық. Соңғы жағын көруге жүрегім батпады. Фильмде айтылар ой көп, соның бірі ашкөздік, тойымсыздық. Қателеспейтін, жаңылыспайтын пенде жоқ қой негізі. Соны түсінген сәтте, тоқтатуға, кері қайтуға көп мүмкіндік болып еді. Ақшаның буы өзін-өзі өлтірді”, “Ауру" фильмі. Нағыз шедевр. Актерлық құрам, сюжет бәрі-бәрі ерекше. Басталған сәттен соңғы минутына дейін напряжение. Іш пыстырарлық сәт атымен жоқ. Қарапайым қағаздың, қарыздың адам өмірін қалай өзгертетінін, сол бір ақша қандай иттік істерге, ұятты тірлікке итермелейтінін көрсеткен. Ақшаға құныққан адамның өз отбасы, туыс-досына дейін өлтіретінін бейнелеген. Психикаға өте ауыр. Әйелі мен сәбиін өлтірген кез ең ауыр сцена болды”, “Ауру” фильмі халықтың қаржылық сауатсыздығын көрсетеді. Неге? Үйлену тойы анасы алған, несиеге жасалған, ал оны жас отбасы төлеп отыр”, “Теледидар, жиһаз, тіпті тамақты да қарыз алып, бөліп төлеп отыр”, “Несиеге алынған көлік”, “Бітпейтін қарыздар”, “Ақша өзі келеді деп нанымдау, белгілерге сену”, “Тексерудің жоқтығы, “бастысы ақша жібердім, оның қайда жұмсалатыны қызық емес” деу”, “Жанашырлықты ақшаға айналдыру, оны тұрақты кірістің көзіне айналдыру”, – деп жазды олар.

Ал кейбір желі қолданушылары фильмді көруге тұрмайтынын жазып, теріс пікір қалдырған.
“Сау адамды ауру қылатын фильм екен. Киноны талдайтындай уақыт жоқ, киносыншы емеспін. Көрермен ретінде айтарым, жүйкеге зиян, прокаттан алып тастаса обалы жоқ. Касса жинаймыз деп, ойына келгенді тықпалай беруге болмайды ғой. Қоюшы режиссер немен ауырады екен? Зорлық, қан, боқтық сөздер өріп жүрген фильмді қалай ғана кинотеатрдан көрсетуге рұқсат еткен? Министрлік араласып, көрсетілімін шектеу керек. Бірақ біздің жоғарыдағылар қолын мезгілінен кеш сермейді ғой. Бойкот”, “Достар, “Ауру” фильмі 21+ болатындай фильм. Ананы анау-мынау адам қарай алмайды, психикаға әсер етуі мүмкін”, “Жүрегіңіз жұмсақ, нәзік болсаңыз көруге кеңес бермеймін. Ізін қалдырады деп ойлаймын. Фильмде отырған сәтте “қашан бітеді” деген сұрақты қоюмен болдым. Соған қарамастан зал соңына дейін отырды. Дәстүр жанында ойнамай қалады. Ужастик, фантастика ұнамаса, бармаңыз”, – деп жазған олар.
Заң не дейді?
“Кинематография туралы” Заңға сәйкес, “18 жастан бастап” санатына өз-өзіне қол жұмсау, кісі өлтіру, отбасылық өмір мен ажырасу мәселелері, есірткіге немесе алкогольге тәуелділік, асоциал мінез-құлық, жалаңаштану, жыныстық қатынас көріністері немесе басқа да эротикалық әрекеттер (егер олар сюжет пен көркемдік мақсатқа сай болса) кіретін фильмдер жатады. Сондай-ақ анда-санда қолданылатын дөрекі жаргон сөздер, балағат және нормативсіз лексика да осы санатқа кіреді.
Ал “21 жастан бастап” санатына Қазақстан Конституциясы мен заңдарымен тыйым салынған мазмұнды қамтитын кез келген көріністерді сипаттайтын немесе бейнелейтін фильмдер жатады.
Фильм туралы
Бұл режиссер Айтөре Жолдасқалидің екінші туындысы.
Фильм сюжеті бойынша жас отбасы қарыздан құтылудың жолын іздеп, халықтан ақша жинауға көшеді. Жұбайын өлім аузында тұрған науқас ретінде көрсету арқылы олар миллиондаған қаражат жинайды. Алайда жас отбасы бұл әрекетпен шектелмей, оңай ақша мен танымалдылықтың дәмін татып, одан әрі құнығып кетеді. Фильмнің шарықтау сәтінде олардың әрекеттері өздеріне үлкен қиындықтар мен қауіп тудырады.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді