"Ешкім бұлай атақты болуды қаламас еді": Назым Қахарман Бишімбаевтың арқасында "танымал болып, табыс тауып жатсың" дегендерге жауап берді
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі, Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қаһарман ұзақ уақыттан бері психологияға бет бұрғанын, балаларының өмірі мен табыс көзі жайлы Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Сондай-ақ сұхбат барысында ол өзін “бұрынғы күйеуінің арқасында танымал болды” деп сынағандарға жауап берді.
Фото: Instagram.com/nazymkakharman
Блогер, жақында өзін психологиядағы сарапшы ретінде таныстырған Назым Қаһарман психологияны зерттеп жүргеніне 5 жыл уақыт болғанын айтты.
“Психологиядағы сарапшы жаңа кәсіп емес. Адамдар менен 2020 жылдан бері консультация алып жүр, яғни бұл салада жүргеніме бес жыл болды. Өз клиенттерім бар. Алайда бұл туралы жақында ғана ел алдында айттым. Осылайша, көбірек тәжірибе жинағым келгендіктен әлеуметтік желідегі парақшамда видео жарияладым. Мен психолог немесе психотерапевт емеспін. Психиатр да емеспін, өйткені ол білдей бір дәрігер. Бірақ оқырмандарым менің психологияға бұрыннан қызығып, зерттейтінімді біледі. Әсіресе, нарцистік абьюз, күйзеліс, айырылысу, қарым-қатынас, бала тәрбиесі жөнінде талқылаймыз”, – дейді Назым Қаһарман.
“Ешбір сау адам дәл бұлай атақты болуды қаламас еді”
Сарапшы өзінің консультациясы психологтың терапиясын алмастыра алмайтынын ескертті.
Сондай-ақ желі қолданушылары Назымды атышулы істен кейін экс-күйеуі Қуандық Бишімбаевтың арқасында танымал болғанын айтып, кінәлады. Алайда Назым көпшіліктің бұл сынымен келіспейді.
“Адамдар түрлі жағдайдан кейін танымал, атақты болып кетуі мүмкін. Меніңше, ешбір сау адам атышулы іске қатысы бар адамдар секілді танымал болғанды қаламас еді. Әлеуметтік желідегі оқырмандар саны бұл оқиғаларға дейін де баяу болса да, тұрақты түрде өсті. Мен өз парақшамда өмірім, балаларым, стиль, салауатты өмір салты, спорт және психология туралы контент жасап, блог жүргіздім. Бірақ өмірімдегі қиын жағдайлардан кейін менің парақшам күнделікті өмір туралы айтылатын платформа ғана емес, адамдар көмек іздеп, қолдау табатын кеңістікке айналды. Егер менің басымнан өткен жағдай біреулерге абьюздік қарым-қатынастан кетуге көмектессе немесе өзі үшін маңызды дүние ала алса мен дұрыс әрі құнды дүние жасап жатырмын деген сөз”, – дейді Назым.
Сонымен қатар ол консультация жасап, оны тұрақты табыс көзіне айналдырғанын да жасырмады.
“10 жыл үздіксіз психотерапиядан өттім”
Оның айтуынша, өзі де 10 жыл үздіксіз психотерапиядан өткен. Ол өміріндегі қиындықтар мен ауыр сәттерді жіберу үшін арнайы маманмен жұмыс істеген кезеңді еске алды.
“Біз жеке мәселелермен, ішкі жаралармен, түрлі дағдарыс кезеңдерімен, атап айтқанда, айырылысу, бұрынғы күйеуімді қамауға алғандағы мен тап болған жағдай, балаларға қолдау көрсету, әкемнің қазасы – осылармен жұмыс істедік. Одан бөлек теориялық тұрғыдан білім алып, жүріп психотерапияның қалай жұмыс істейтінін түсіндім. Қазір мен консультация кезінде адамдарға өз білімімді және тәжірибемді бөлісіп жүрмін. Менің психотерапевтім негізінен транзактілі талдау аясында жұмыс істейді. Бұл – психологиядағы ең ауыр және ұзақ уақытты қажет ететін бағыт. Терапия барысында іргелі әдіс-тәсілдер қолданылып, бүтін бір сценарий өзгереді, бала кезден қалыптасқан түсініктермен жұмыс істейді. Осылайша психологыммен ауқымды жұмыс атқардық”, – дейді блогер.
Назым басынан өткен тәжірибесіне негізделген жеке игілігі мен психотерапияның айырмашылығы барын үнемі айтып отыратын көрінеді. Ал консультациясы 2 сағатқа созылады. Өйткені бір сағатта адамның сұраулары туралы біліп, барынша қысқа-нұсқа өткізуге тырысамын дейді.
Сондай-ақ ол трапия жүргізбейтінін, диагноз қоймайтынын, бала кезден қалған жарақаттармен, түсініктермен жұмыс істемейтінін ерекше атап өтті. Назым көбіне ментор ретінде сана, салмақ, өзін дамыту туралы сұрақтармен жұмыс істейді.
“Балаларымның тегіне адамдардың назар аударғанын қаламаймын”
Еске салайық, былтыр мамыр айында Назым Қаһарман балаларының тегін өзгерткісі келетінін мәлім еткен еді. Айтуынша, бұл балалардың өз таңдауы болған.
“Балаларымның құқығын қорғауды жалғастырдым. Балаларымның тегін ауыстырмақ болдым. Бірінші сатыдан кейін аппеляциялық сотқа жүгіндім. Ол ұзақ әрі ауыр процесс болды. Алайда жеңіліп қалдым. Бұл жеңіліс біз үшін ауыр болды. Әзірге Жоғарғы сотқа барған жоқпын. Өйткені онда да барлығы әділ өтеді дегенге күмәнім бар. Бірақ бұл мәселеге қайта оралатыным сөзсіз. Балалардың тегін ауыстырудағы басты мақсатым – олардың тегіне адамдар назар аударғанын қаламаймын. Олар жағымсыз естілікке толы текпен жүруге мәжбүр. Балалардың мүдделері ескерілді”, – деді Бишімбаевтің экс-жұбайы.
“Ата-апасымен санасып, пікірін сұрамаймын”
Назым балалардың тегін ауыстыру жөніндегі шешімін бұрынғы ата-енесіне айтпаған. Алдағы уақытта да балаларына қатысты шешімді олармен санаспай, өзі қабылдайтынын айтты.
“Атасы мен апасы балалардың тегін өзгерткелі жүргенімді БАҚ беттерінен, соттан білген болар. Бірақ мен балаларыма қатысты сұрақтарға келгенде олармен санасып, олардың пікірі мен ойларын сұрамаймын. Мұндай дүниелерді тек балаларыммен талқылаймын және олардың мүддесі мен қызығушылығын ескеремін”, – дейді Назым Қаһарман.
Десе де блогер “балалар ата-апасымен араласып, көрісіп тұра ма?” деген сауалға ашық жауап беруден бас тартты.
“Бұл сауал балаларымның жеке өміріне қатысты. Мен олардың жеке өмірін, шекарасын құрметтеймін. Сол себепті бұл туралы ашық айтуға менің құқығым жоқ. Қазір балаларымның әрқайсы өзінің бұралаң жолын өткеріп жатыр. Балалардың әкесімен араласпай кеткеніне 2 жыл болды. Бұл – балалардың өз таңдауы. Олар ойда-жоқта үлкен қиындыққа, түсініспеушілікке және қысымға тап болды. Мен олардың таңдауын құрметтеймін”, – дейді ол.
“Алимент осыдан үш ай бұрын ғана төлене бастады”
Назым бүгінде бірнеше істі дөңгелетіп жүргенін және балаларының тарықпай өмір сүруі үшін қолынан келгенін жасап жатқанын жасырмады.
“Қазір өзім жүргізетін блогтан, әріптестік жұмыстар, консультация мен түрлі жобалардан ақша түседі. Сондай-ақ инвестицияларым мен басқа табыс көздерім бар. Ал балалардың алименті осыдан үш ай бұрын ғана төлене бастады. Оның барлық қарызы жабылды деп айта алмаймын. Десе де, әкесінің балаларына алимент төлеп, міндетін орындаймын деп шешкеніне мен де, балаларым да риза”, – деді Назым Қаһарман сұхбатты қорытындылап.
Еске салайық, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.