Алматыда заңсыз ойын бизнесімен күрес жалғасуда
3 қазанда Алматыдағы Экономикалық тергеу департаментінде "Заңсыз ойын кәсібімен күрес" тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Алатау ауданының прокуратурасы мен әкімдігі, сондай-ақ "Сәтті жұлдыз" бен "Lotomatic" ЖШС өкілдері қатысқан жиында күн тәртібіндегі мәселелер ортаға салынып, оларды шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жиын басында сөз алған Алматы қалалық Экономикалық тергеу департаментінің жедел басқармасының орынбасары Демеу Қалыбеков бас қосудың мақсаты мемлекеттік органдармен кәсіпкерлердің өз-ара іс-қимылында туындаған мәселерді талқылау екенін жеткізді. Қалыбеков өз сөзінде органның басым бағыттарының бірі – заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жол бермеу және анықтау екенін нақтылап өтті. Ол сондай-ақ соңғы екі жылда департамент заңсыз ойын бизнесімен күресу бағытында біршама жұмыстар атқарылғанын баса айтты.
"Жасыратыны жоқ, құмар ойынға тәуелділікпен күрес кеше ғана пайда болмады. Заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу аясында Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі "STOP-ИГРА" жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп келеді", – деді Демеу Қалыбеков.
Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталған департамент өкілі 2021 жылы департамент заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 33 фактісін анықтағанын, оның ішінде ұйымдасқан топ құру және басқару фактісі бойынша 4 қылмыстық істің (ҚР ҚК 262 б. бойынша) тіркелгенін жеткізді. Қалыбеков ұсынған деректерге сүйенсек, заңсыз айналымнан 385 компьютерлік техника жинағы, 162 ойын аппараты тәркіленіп, 14 ойын залы мен 2 астыртын ойынхананың қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар, 238 ойын сайты бұғатталды.
Демеу Қалымбеков бұл тыйымдарға қарамастан жеке тұлғалар қаланың кей жерлерінде заңсыз ойын бизнесімен айналысуын тоқтатпай жатқандардың бар екенін айтты.
"Биылдың жылдың 9 айында ғана заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша 10 қылмыстық іс анықталып, заңсыз айналымнан мыналар алынды: 93 процессор, 76 монитор, 5 моноблок, 7 модем, 7 ұялы телефон, 26 қатты диск, 6 ойын терминалы. Сонымен қатар 3 ойын аппаратының қызметі тоқтатылды", – деп жалғады ол.
Қалымбеков сонымен қатар Алатау мен Наурызбай аудандары қаланың ең криминогенді бөліктері болып қала беретінін ашып айтты. Сөзіне дәлел ретінде ол Наурызбай ауданының прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алатау және Наурызбай аудандары аумағында заңсыз жұмыс істеп тұрған 8 ойын автоматының тәркіленгенін келтірді. Департамент өкілі мұның себебін бұл аудандарда заңсыз ойын терминалдары мен залдарын орналастыруға болатын орындардың жалға алу ақысының төмендігімен байланыстырды.
Келесі болып сөз алған "Сәтті Жұлдыз” АҚ Коммуникация департаментінің директоры Нұрлан Мұхамеджанов "Сәтті Жұлдыз" АҚ нарықта өз жұмысын бастағанға дейін көп аумақта 30 мыңға жуық заңсыз "сары-жасыл" ойын автоматтары жұмыс істегенін айтты. Мұхамеджановтың айтуынша, олар ашық түрде жұмыс істеген, ойыншылардың жас шегі бақыланбаған әрі салық та төлемеген. Сарапшылардың деректері бойынша көлеңкелі нарықтың салық салынатын айналымы жылына кемінде 54 млрд теңгені құрап, мемлекеттік бюджетке айтарлықтай әсер еткен.
"Сәтті Жұлдыздың" астыртын бизнес өкілдерімен күресу және Lotomatic жобасын құрудағы басты мақсаты – қазақстандықтарды ресми электронды лездік лотереямен қамтамасыз ету және заңсыз ойын бизнесінің қолданыстағы көлеңкелі нарығының барлық субъектілерін шығару. Сонымен қоса субъектілерді заңды әрі экономикалық ашық қызметті жүзеге асыруға тарту", – деп түсіндірді ол.
Нұрлан Мұхамеджанов "Сәтті Жұлдыз" Ұлттық лотереясы Қаржы мониторингі мен Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп көлеңкелі кіріс жолдарынан 6 043 техника шығарылып, 241 қылмыстық іс қозғалғанын сондай-ақ 3000-ға жуық контрафактілік және заңсыз ойын аппараттарының жойылғанын атап өтті.
Мұхамеджанов сөзін жалғай келе "Сәтті Жұлдыздың" басты қағидаларының бірі – 2006 жылы Дүниежүзілік лотерея қауымдастығы қабылдаған "Жауапты ойын" (Responsible Gaming) ережелеріне сәйкес іс-шаралар өткізу екенін айтты. Ол "Сәтті Жұлдыздың" мүмкіндігінше лотереяға көп адам қатыстыруға ұмтылатынын, алайда көп мөлшерде емес керісінше аз мөлшерде қатысуы басты ереже екенін атап өтті.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды тарту мәселесі күн тәртібінде тұрғанына байланысты "Сәтті Жұлдыз" АҚ лотерея нарығындағы жетекші елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, мынадай нақты қадамдарды ұсынды:
- Сәйкестендіру. Кәмелетке толмағандар тіркеуден өте алмайды және сатып ала алмайды;
- Кәмелет жасына толмағандар ұтыстан түскен пайданы ала алмайды, өйткені шағын ұтысты алу үшін ЖСН енгізу керек, ал ірі соманы алу үшін ұтысты төлеу орталығына бару қажет;
- Жарнамалық және жарнамалық өнімдерді офлайн және Интернетте таратуды шектеу;
- Өзін-өзі өшіру бағдарламасы, бұл шектеулерді ойыншының өзі ғана емес, оның туыстары да ұсына алады.
"Lotomatic" ЖШС құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Ербол Иманбаев жоғарыда аталған екі ауданның әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеу үшін, өз қызметкерлерін ұсынуға дайын екенін қосты.
"Ойын автоматтарының қай жерде қалай тұрғанын, олардың жұмысы заңды немесе заңсыз екенін анықтау үшін біздің қызметкерлеріміз қажет болса әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз", - деді Ербол Иманбаев.
Жиынға қатысушылар кездесу барысында заңды "Lotomatic" терминалдары мен заңсыз ойын автоматтарының айырмашылығын түсіндіріп, бейнеролик түсіруді ұсынды. Олар бейнежазбаны ғаламтор желісі арқылы таратып, халыққа дұрыс ақпарат жеткізу қажет екенін айтты. Шараға жиналғандар бейнеролик түсірілсе, барлығы бірдей бөлісуге келісті.
Айта кетсек, бүгінгі күні Қазақстан аумағында 6315 Lotomatic терминалы заңды түрде жұмыс істейді.