47 гектарды үлестіріп жіберген: Сарыағаш сауықтыру орталығының жеріне қатысты тексеріс басталды
Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайына қарасты 70 гектарға жуық жердің тек 23 гектары емдік-сауықтыру мақсатында пайдаланылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: sanatoriums.kz
Мәліметтерге сенсек, қалғаны заңды және жеке тұлғаларға үлестіріліп кеткен. Бұған байланысты Түркістан облысы Жер ресурстарын басқару департаменті қалған 47 гектардың кімдерге және қалай берілгенін зерделеп жатыр.
Қазірдің өзінде бір іс сот қарауына ұсынылды.
"Егер заңсыздықтар дәлелденсе, жер мемлекетке қайтарылады. Бізге мемлекеттік органдардан тиісті хаттар түсті. Сол бойынша өз құзырет шеңберімізде құжаттарға тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 1 жер учаскесіне қатысты талап-арызымыз сотта қаралып жатыр. Қалған жер учаскелері бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді департамент басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Досжанов.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жергілікті филиалының бұрынғы екі қызметкеріне қатысты үкімі өз күшіне енгенін жаздық. Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкерлері ақпаратты заңсыз жойып, өзгерткені үшін және алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушылар 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.