Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ораза айт күні сәресін ішу керек пе – Діни басқарма жауабы

Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына орайластырылған мереке. Ораза айт мерекесi шәууал айының 1-күнi басталады. Шариғатта ораза айт күнi ертерек тұрып ғұсыл алып, мешітке хош иiс себініп бару ұнамды амалдардың бірі болып саналады. Мүфтият Ораза айтты қалай өткізу керек және мереке кезінде не істеуге болмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: smartik.ru

“Ораза айт күні ауыз бекітіп, сәресін ішу керек пе?” деген сұрақ көп арасында жиі талқыға түседі. Мүфтият бұл сауалға нақты жауап берді. 

“Шариғат кітаптарында ораза айт күні мешітке барудан бұрын дәм ауыз тию – мұстахап, делінген (Фатху бабил-ғиная, 1/573). Хадистерде: "Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт күні тамақ ішпей мешітке шықпайтын еді", – делінген (Тирмизи, Ибн Мажә). Ораза ұстаған адам сәресін таң атқанға дейін ішу керек. Ал шариғат бойынша айт күні ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Өйткені, хадистерде "Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын" деп айтылған (Бухари). Сондықтан ораза айт күні мұсылмандар ораза күні сияқты сәресін ішпейді, күндіз ауызы ашық болады”, – деп жауап берді ҚМДБ.

Айт мерекесінде не істеуге болмайды?

Ораза кезінде ескеру керек бірқатар жайттар бар:

  • Сәресі ішілмейді. Оразаның соңғы күні, яғни айттың алғашқы таңындағы сәресі ішілмейді. Көп арасында сәресі ішіп, айт намазына бару қажет деген қате түсінік қалыптасқан. Бұның діни негізі жоқ. Керісінше, айт намазына барардан алдын үйден дәм тату – сүннет. Бурәйда (р.а.) былай дейді: "Алла Елшісі Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын" (Әбу Дәуід).
  • Ораза қарызы өтелмейді. Оразада қарызы бар адамдар оны айттың алғашқы күні  өтеуіне болмайды. Шариғатта үш күн деп бекітілген мейрам өз дәрежесіне сай тойланғаны абзал. Бұл мереке жалпы мұсылман халқын татулыққа шақыратын, барша ағайын-туыстың басын қосуға негіз болатын мейрам болғандықтан, бұл күні ауыз бекітіп, қонақпен бірге ас ішпей, шетте отырған әрине құптарлық жай емес. Айттың екінші күнінен бастап ораза қарызын өтеуіне, қарызы жоқтар Шәууәл айының нәпіл оразасын өтей беруіне болады.

Айт мерекесі күні не істеу керек?

Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиетiнде: “Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу”, – деген. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғибадаттармен басталады. 

Айт намазына мүмкіндігінше ғұсыл дәрет алып, әдеми киініп, иіссу себініп барған абзал. Жамағатпен намаз оқу үшін мешітке барған әр қадамға сауап жазылатындықтан әрі көшеде кезіктірген жандарды айт мерекесімен құттықтау ниетінде мешітке бір жолмен барып, қайтарда басқа жолмен қайтқан абзал.

Айт намазына жүгiрiп, асығыс бару жақсы емес. Жолда мешiтке бара жатқан уақытта, мүмкiн болса, тәкбір айтылғаны дұрыс. 

Айт күнi момын мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды. Хадис шарифте: “Аллаға иман келтiргеннен кейiнгi амалдардың ең абзалы: пенделердiң бiр-бiрiне сүйiспеншiлiгi, сый-құрметi”, – делiнген.

Садақа беру. Бірінші, пітір садақаны айт намазына дейін беру абзал. Ұмытып кеткен жағдайда намаздан кейін де беруге болады, бірақ оның дәрежесі, яғни сауабы пітір садақанікіндей болмай қалады. Екінші, пітірден басқа да садақа бергеннің сауабы мол. Осы күнгі ұлық мерекені тойлай алмай отырған отбасылар бар болса, сол үйге бір шай ішерлік болса да тәтті тағамдар берудің өзі – үлкен жетістік.

Айт мейрамында әке-шешелерiмiзге, ауру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға барып хал-жағдайын бiлу – үлкен сауап iс.

Мұсылмандық тәрбиеге құлшындыру үшiн бала-шағаға айт күнiне арнап сыйлықтар, жаңа киiм-кешек әперу және қаланың көрiктi орындарын көрсетiп қыдырту жақсы амалға жатады. Олар сонда барып, айтты асыға күтеді. Сана сезiмi мұсылманшылыққа бейiм өседi.

Талқылау