Қазақстанда сарбаздардың аналарына көбірек өкілеттік беріледі
Еліміздің қорғаныс министрлігі сарбаз аналары ұйымының өкілеттігін кеңейтуге дайын. Министрлік басшысы Руслан Жақсылықов қазақстандықтардың республика армиясына деген сенімін арттыру мақсатында олар үшін "барлық есік ашық" екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Руслан Жақсылықов жастардың әскерге шақырылғаннан бастап запасқа шығарылғанға дейінгі қызметтің барлық кезеңінде қолдау көрсетіп келе жатқан ұйыммен бірлесіп жұмыс істеудің маңызды екенін атап өтті.
“Біз комитеттің өкілеттігін кеңейтуге дайынбыз, сондай-ақ ұйым өкілдері шақыру науқанына белсенді қатысқанын қалаймыз. Сіздер үшін әскери бөлімдердің ғана емес, әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарын хабардар ету үшін барлық әскерге шақыру пунктерінің есігі ашық болады, – деді қорғаныс министрі.
Өз кезегінде Лилия Хайруллина әскерге шақыруды жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты. Нақты қандай ұсыныстар екені белгісіз, алайда бұл бастамалар әскери қызметкерлермен қарым-қатынасты жақсартады деген сенімде.
“Қарулы күштермен, басқа да әскерлермен және әскери құрамдармен арадағы өзара іс-қимылымыздың мақсаты – әскерді қоғамға барынша ашық ету, ата-аналардың сенімін қалыптастыру және мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлердің туындаған күрделі мәселелерін шешуге көмектесу”, – дейді Лилия Хайруллина.
"Аналар жүрегі" ұйымы сарбаздарға қолдау көрсетіп, олардың қызмет ету жағдайын тексереді.
Бұған дейін қорғаныс министрлігі Armia.kz мобильді қосымшасын әзірлеген еді. Енді әскерге шақырылғандардың ата-аналары өз мәселелерін тез әрі оңай шеше алады. Министрлік өкілі полковник Тілеухан Басқожаевтың айтуынша, бұл жаңашылдық әскери қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді. Өйткені сарбаздың жақындары олардың медициналық тексеруден қалай өтетінін және тамақтану сапасын көре алады.