Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшы: Батыс елдері Қазақстан мұнайынан бас тартпайды

Ұлттық валютамыз әлі де құлдырауда. Мұнай бағасы өскенімен, бұл теңге бағамына еш әсер етпей отыр. Бірі мұны Ресейге салынған санкция салдары десе, енді бірі өзге елдердің Қазақстаннан мұнай сатып алмауында дейді. Алайда сарапшы батыстың Қазақстан мұнайнын бас тартпайтынын айтып сендірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

мұнай

Қаржы нарығында теңге бағамы әлі тұрақталмаған. Күндіз теңгеге шаққанда 1 доллар 490 теңге деп көрсетілгенімен, ақша айырбастау пункттерінде долларды 498 теңгеге сатқан. Қазір Ресейге тек мемлекеттер ғана емес, ірі компаниялар да санкция енгізуде. Мысалы, Apple өз өнімдерін Ресейде сатуды тоқтатты. 

"Бұл нарыққа еш әсер етпейді. Алдымен, даурығуға жол бермеу керек. Көпшілігі санкция енгізілсе, барлығы тоқтайды деп ойлайды. Біріншіден, көп санкциялар күшіне енбеді. Екіншіден, олардың қанша уақытқа дейін сақталатынын ешкім білмейді. Менің ойымша, Қазақстанда барынша сабыр сақтау керек", - деді экономист Айдархан Құсайынов. 



Ал мұнай экспортының құлдырауын сарапшы жоққа шығарды. Айтуынша, жанармайға қатысты санкция Ресейде де енгізілмеген. Сонымен қатар мұнай және газ бойынша операцияларға санкция әсер ете алмайды. 

"Сұрақ батыстың неден қорқатынында. Олар Ресейдің қарсы санкцияларынан, оның ішінде газды жібермей қоюынан қорқып отыр. Сондықтан батыс елдері Қазақстан мұнайынан бас тартады деген ой менде туындамады. Тіпті ресейлік мұнайдан бас тартқан күннің өзінде", - деп қосты Айдархан Құсайынов. 

Құсайыновтың сөзінше, әзірге Ресей өнімдерінен тек Канада бас тартқан. Себебі өзі де ірі мұнай экспорттаушы мемлекет. 

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания парламентінде Қазақстанға қарсы санкция енгізу ұсынылған еді. Депутаттар Қазақстанды “Путинді қолдады” деп айыптаған.

Талқылау