"Дыбысынан қыздың қайда екенін біліп отырған": Қазақстандық ұстаздың шолпы туралы пікірі дау тудырды (видео)

Өзін “ұстаз” деп таныстырған адамның шолпыға қатысты пікірі желіде қызу талқыға түсті. Оның түсіндірмесі қазақстандықтардың сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арыстан Оспанов есімді “ұстаздың” шолпыға қатысты түсіндірмесін Threads желісінде қолданушы жариялады. Видеода “ұстаз” шолпыны қызды бақылап отыру үшін таққан дейді.
“Қазақта қыз балаға міндетті түрде шолпы іліп тастайды екен. Не үшін? Себебі қайда жүргенін біліп отыру үшін. Қыз бала сайға, қырға, тіпті дәретханаға барса сақыр-сұқыр етіп біліп отырған. Қазір кім, қайда жүргенін білмей қалып жатырмыз. Екіқабат болған соң бір-ақ біліп жатырмыз”, – дейді өзін ұстаз атаған адам.
Десе де видеоны жариялаған желі қолданушысы “ұстаздың” айтқан пікірімен мүлде келіспейтінін жазған.
“Шолпыны өздерінше тәпсірлеп алыпты. Мына “ұстаз” шолпыны Аустрияның қойларының мойнына тағатын қоңырау деп ойлайтын сияқты. Көшпенділерде қыз-келіншектің орны төр болған. Таяу Шығыстағыдай үйден аттатып шығармай, таспен атқылап тағдырын талқан етпеген. Қазақтың дүниетанымы туралы ойына келгенді айтатындар заң тұрғысынан жауапкершілікке тартылсын”, – деп жазды желі қолданушысы.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі этнографтан қыз бала шолпыны неліктен таққанын, оның мән-маңызын сұрап білді.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы “ұстаздың” пікірімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, шолпының тәрбиелік мән-маңызы мүлде бөлек.
“Шолпыны қыз балаға шашы өсіп, бойжетіп келе жатқан кезеңде тағады. Бұл қыздың есейіп, оң-солын танып, өзін ұстауы керек кезеңге өткенінің белгісі. Шолпының сыңғыры жай әуен емес. Ол қыздың жүріс-тұрысын реттеп, артық қимылдан тыйып отырған. Қыз бала жүгіріп, бей-берекет қозғалғанда шолпысы қатты сыңғырлап, өзгелердің назарын аударады. Сондықтан ол өзін жинақы ұстап, жүрісін түзейді”, – дейді этнограф.
Этнографтың айтуынша, шолпы қыз баланы ерсі қылықтан сақтандырудың бір жолы болған.
“Үлкендер шолпының үні арқылы қыздың өзін қалай ұстайтыны аңғарып отырған. Бұл дәстүр қыз тәрбиесінде әдеп, ұят, жинақылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берілген. Шолпы сол тәрбиенің бір көрінісі. Ол қызға көрік беріп қана қоймай, оның мінез-құлқына да әсер еткен”, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілді