Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаңыздың мінезі нашар!": 60 жастағы ресейлік әйел Путиннің ата-анасының бейітінің басына қалдырған хат үшін жауапқа тартылды

Санкт-Петербург қаласының 60 жастағы тұрғыны Ирина Цыбаневаға қатысты Ресей президенті Владимир Путиннің ата-анасының бейітіне қалдырылған жазбаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC сайтына сілтеме жасап.

Ирина Цыбанева

Дереккөз Mediazona

Санкт-Петербург соттарының бірлескен баспасөз қызметінің мәліметінше, Цыбаневаға қатысты іс саяси-идеологиялық өшпенділік негізінде жерлеу орындарын қорлау бабы бойынша қозғалған. 

"Тергеу мәліметтері бойынша, 6 қазанда Цыбанева "саяси, идеологиялық өшпенділік негізінде жерленген жерді қорлау ниетімен қоғамда қабылданған нормаларға қайшы келетін әдепсіз азғындық әрекеттер жасады, атап айтқанда, Ресей Президентінің атына қорлайтын жазуы бар жазба қалдырған", – делінген ақпаратта.

Цыбаневаға қатысты бұлтартпау шарасы әлі таңдалған жоқ – Санкт-Петербургтің Приморск аудандық соты қорғаушылар өкілдерінің құжаттарды жинауы үшін оны қамауда ұстау мерзімін 72 сағатқа ұзартты.



Цыбаневаның ұлы Максим Mediazona басылымына (Ресейде "шетелдік агент" тізіміне қосылған БАҚ) айтуынша, ол зиратта қалдырылған жазбада не жазылғанын білмейді, бірақ анасы оған "өлгісі келетіні" туралы мәтін болғанын айтқан. Оның сөзінше, анасы зиратқа өткен бейсенбіде барса, полиция қызметкері оның үйіне 10 қазан, дүйсенбі күні таңертең келген.

"Ол көпке дейін есік ашпаған, кейін есікті бұзып кіреміз деп қорқытқан соң ғана ашуға мәжбүр болған. Оны кеше сағат 15:00-де 35-ші полиция бөліміне алып кетті. Оны ол жерде ұзақ уақыт бойы ұстап отырған. Нәтижесінде анам түнде телефон соғып, тексеру болатынын ескертті. Біз бірден оның үйіне бардық, бірақ онда ешкім болмады. Тексеру жүргізілген орынды да байқамадық", – деді Цыбанев.

Путиннің ата-анасы – Владимир Спиридонович Путин мен Мария Ивановна Путинаның (Шеломова) бейіттері Санкт-Петербургтегі Серафимовский зиратында орналасқан. Олар 1999 және 1998 жылдары қайтыс болған.

Қыркүйек айының соңында белгісіз біреулер бейіттің басына мектеп күнделігіне жазылған хаттың қалдырып кеткені туралы белгілі болды.
"Құрметті ата-аналар! Балаңыздың мінезі нашар! Тарих сабағына қатыспайды, сыныптастарымен төбелесіп, бүкіл мектепті жарып жіберемін деп қорқытады. Шара қолданыңыздар", – деп жазылған хатта. 

Талқылау