Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек": Тоқаев қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген фильмдер көп болуы қажет екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық кинематография саласындағы өзекті мәселелерге назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: businessmir.kz

"Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең әуелі санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау бір басқа", – деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болған.

"Осы жерде бірнәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсіріліп жатыр. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн", – деп тоқталды ел басшысы.

Сонымен қатар мемлекет басшысы "Шоқан. Қашқария сапары" атты мультфильмнің жарыққа шыққанын оң бағалады.

"Жақында "Шоқан. Қашқария сапары" деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек", – деді мемлекет басшысы. 



Еске салайық, бұған дейін бір топ депутат кино саласын сынап, премьер-министрге сауал жолдады. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Аманжол Әлтай қазақ киносының сапасына сын айтты. Олардың айтуынша, 2024 жылы прокатқа шыққан 90 фильмнің 56-сы – комедия, ал ұлттық киноның үлесі тым аз. Қазақстандық көрермен отандық фильмдерге қызығушылық танытқанымен, сапалы ұлттық мазмұндағы өнімдер жеткіліксіз.

Талқылау