Атырауда алты айлық сәби аурухананың кіреберісінде шетінеп кетті: Ата-анасы оны алты сағат ауылдан облыс орталығына алып келген

Фото: 2GIS
Атырау облысында алты айлық сәби шетінеп кетті. Баланың ата-анасының айтуынша, нәрестеде отит болып, дене қызуы көтерілген, алайда дәрігерлер нақты диагнозды дер кезінде қоя алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Баланың ата-анасының сөзінше, қажетті ем уақытылы көрсетілмеген әрі санитарлық авиация қызметіне де рұқсат берілмеген. Баланың жағдайы күрт нашарлаған соң, ата-анасы оны Қызылқоға ауданынан Атырау қаласына өз күштерімен жеткізуге мәжбүр болған. Жол шамамен алты сағатқа созылған.
"Дәрігерлер нақты диагноз қоймады, тиісті ем жасалмады. Санавиацияға рұқсат берген жоқ. Ақыры баланы алты сағат жол жүріп, ауруханаға өзіміз апардық. Бірақ баламыз шетінеп кетті", – дейді ата-анасы.
Сондай-ақ олар дәрігерлік консилиум барысында санация жүргізу ұсынылмағанын айтып, бұл жағдай баланың өмірін сақтап қалуға әсер етуі мүмкін болғанын алға тартады.
Ата-анасының мәліметінше, сәби Атырау қаласына жеткенде, облыстық аурухана кіреберісінде көз жұмған.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, нақты қорытынды тек сот-медициналық сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады.
-
Қазақстандық келіншек мүгедектігі бар ұлының ауруханада соққыға жығылғанын мәлімдеді
"Бір жасқа дейінгі балалардың өлімі міндетті түрде сот-медициналық сараптамадан өтеді. Соның қорытындысына сәйкес тиісті шешімдер қабылданады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Қазіргі уақытта қайғылы жағдайға қатысты тексеріс жалғасуда.
Осы қайғылы жағдайға қарамастан, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында оң өзгерістер бар екені айтылды. Соңғы брифингте Қайсар Абдалиев облыста ана өлімі екі есе азайғанын, ал нәресте өлімі 7,2 пайызға төмендегенін мәлімдеді.
Бұл көрсеткіштер 2025–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау қызметін дамыту жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ретінде бағалануда.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада 9 айлық сәби ауруханада емделу кезінде күйіп қалғанын жазғанбыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған