Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" IPO аясында "ҚазМұнайГаз" акциясының 5%-ын сатылымға шығарады

"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры ІРО аясында инвесторларға "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясы акциясының 5%-на дейін ұсынады. Бұл туралы қор басшысы Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

қазмұнайгаз

"ҚазМұнайГаз" компаниясының қор нарығына шығарылып, ұсынылған акциясының 90,42%-ы "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі. 

"Самұрық-Қазына" қоры сатылымға 30 миллион 505 мың 974 қарапайым акциясын ұсынбақшы. Бұл шығарылған және қор нарығында орналастырылған акциялардың 5%-на тең. Осылайша ұсыныстан кейін "Самұрық-Қазына" қорына "ҚазМұнайГаздың" 85%-ға жуығы тиесілі болмақ", – деді Алмасадам Сатқалиев 7 қарашада өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның сөзінше, 5,1 триллион теңгеге тең компания капиталын ескере отырып, ІРО аясында 1 қарапайым акцияның құны 8,406 мың теңге болады.



Қор басшысы инвесторлар өтінішін қабылдау 9 қарашада басталатынын мәлімдеді. Институционалды инвесторлар үшін өтініш қабылдау 30 қарашада, жеке сатып алушылар үшін 2 желтоқсанда аяқталады.

"Өтініштерді қабылдау тоқтаған кезінде басымдық жеке сатып алушылар – Қазақстан Республикасының азаматтарына беріліп, "халықтың ІРО" форматы сақталады", – деп қосты қор басшысы. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 08 Қараша, 2022 13:56