Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Samruk-Kazyna Construction-ның бұрынғы басқарушы директорына халықаралық іздеу жарияланды

Фото: skcn.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті өкілдері "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарушы директоры мен "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты тергеп-тексеру аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық монитринг агенттігі өкілдерінің мәліметінше, олар "Көк-Төбе" көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

"2022 жылғы қаңтарда "Samruk-Kazyna Construction" АҚ мен "Дорстройтрест" ЖШС арасында құрылысқа инвестиция салу туралы келісімшарт жасалып, 2,6 млрд теңге көлемінде аванс төленген. Алайда құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмаған және өрескел бұзушылықтармен жүргізілген. Ал аванс күдіктілер тарапынан құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған", – делінген ресми хабарламада.

Бұған қоса, ҚМА дерегінше, 650 млн теңге жалған шарттар арқылы компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қылмыстық жолмен алынған кіріске 23 млн теңге тұратын екі автокөлік сатып алынып, оларды тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген.

"Сот санкциясымен күдіктілердің 170 млн теңге тұратын барлық мүлкіне – 5 автокөлік пен Астанадағы пәтеріне тыйым салынды.

 Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

"Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ның бұрынғы басқарушы директорына халықаралық іздеу жарияланды.

Аида Такабаева
Жұма, 23 Мамыр, 2025 16:34
Талқылау