Самокат иелеріне қатысты шектеу шаралары Жаңа жылға дейін қабылданады – Депутат
Фото: istockphoto.com
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ішкі істер министрлігі ғимаратында өткен үкімет сағаты кулуарында электрсамокат иелеріне қатысты шектеу шаралары Жаңа жылға дейін қабылдануы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, қазір мәжілісте электрсамокат қозғалысын реттейтін заң жобасы талқыланып жатыр. Онда самокаттардың жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салу мәселесі қарастырылған.
"Бұл мәселе мәжілісте талқыланып жатыр. Президент те өз жолдауында бұл тақырыпқа назар аударған еді. Көпшілік депутаттардың пікірі ортақ, сондықтан шектеулерді биыл жылдың соңына дейін енгізу ықтималдығы жоғары", – деді Абзал Құспан.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет сағатындағы баяндамасында самокаттар мен скутерлер жүретін веложолдың тапшылығын сөз етті.
"Елімізде самокаттарға инфрақұрылым жоқ. Республика бойынша 500 км веложол ғана бар. Сатуға, жүргізуге рұқсат берер алдында бәрін ойластыру керек. Көлік министрлігі ғана емес, Сауда министрлігі бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Қазір тағы 2800 км веложол салуды ұсынып отырмыз. Көп пе, аз ба тағы талқыланады", – деді министр.
Бұған дейін Душанбеде 2030 жылға дейін электрсамокаттар мен электрскутерлер қозғалысына тыйым салынғанын жазғанбыз. Қазақстанда самокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салуды талап ететін петиция жарияланған еді.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
