Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жұлдыздар салықты қалай төлейтіндерін айтып берді

2017 жылдан бастап табысын жасырып, салық төлеуден жалтарған шоу-бизнес өкілдеріне заң күшейтіледі. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары эстрада әншілерін салық туралы заң ережелерін сақтауға шақырып отыр.

25-1

Бұл туралы Қазақстан арнасы хабарлайды.

Жалпы, елімізде 656 әнші заңды түрде тіркелген. Оның 443-і жеке кәсіпкер, 213-і заңды тұлға. Биыл жеке кәсіпкерлерден 35 млн, заңды тұлғалардан 550 млн, яғни 585 млн теңге қаржы мемлекет қазынасына құйылған. Десек те, табысын жасырып жүргендер аз емес.

Өнерпаздардың арасында ілуде біреу болса да, табысын ашық көрсетіп, тұрақты салық төлеп жүргендері бар. Мәселен, эстрада әншілерінің ішінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева көш бастап тұр. Ол 2015 жылы көлік және жер салығын есепке алмағанда, өнерінен түскен қаржысының үш пайызын, яғни 1 млн. 127 275 теңге салық төлеген.

«Мен біздің өнердегі табысты жақсы тауып жүрген қыз-жігіттерімізге бауырларыма айтайын дегенім әрине халықтың жағдайын көтеру үшін, жалпы халық алдында өзімізді шынында да нағыз азамат санау үшін әрбір табысымыздан салықты міндетті түрде төлеп тұруымыз керек. Ол біздің азаматтық парызымыз. Сондықтан, біздің бүгінгі жұлдыздарымызға айтайын дегенім шынында да халқымызды, мемлекетімізді көтеру үшін әрбір азамат осындай үлкен жауапкершілікпен жүру керек деп ойлаймын»,- дейді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.

Соңғы уақытта қазақстандық «Форбс» журналына табыстары жарияланған танымал әншілердің берекесі қашты. Олардың қатарында Асхат Тарғын, Жанар Дұғалова, Сандуғаш Сәдуақасова және Кәмшат Жолдыбай сияқты әншілер бар. Сондықтан, біз салық департаменті көрсеткен мәліметті анық-қанығын білу үшін оларға хабарластық. Алайда, танымал «жұлдыздар» сыныққа сылтау айтып, ашық сұхбат беруден бас тартты.

«Ол негізі ИП ешнәрсе ашылмаған ғой бізде. Енді мен жеке әнші ретінде орындап жүрмін ғой. Сол себепті ешқандай жерге тіркелген жоқпын әлі. Екі композитормен жұмыс істеп жатырмыз. Солар бір жақсы-жақсы ән берсе, Тағы бір әнмен жұмыс істеп жатырмыз, сол шықса содан кейін тіркеймін деген ой бар», – дейді әнші Асхат Тарғын.

Салық қызметкерлерінің сөзінше, халық алдында ән айтып ақша табатын шоу-бизнес өкілдері тапқан табысынан 3 пайыз мемлекетке салық төлеуге міндетті екен. Бірақ, мұны ескерген әншілер аз. Сондықтан, салық мекемелері басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, заң жүзінде тиісті шараларды қолға алмақшы.

«Біз де уақыт беріп жатырмыз. Қазір мысалға айыппұл салмай жатырмыз әртістерге. Мысалы өз еркімен келіп тіркелген дерге қуанамыз оларға айыппұл жоқ. Тіркеледі болды басқа сұрақ жоқ. Тек талап ететініміз жеке кәсіпкер ретінде тіркелсін», – дейді қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру басқармасының басшысы Заңғар Шындали.

Еліміздегі мүлікті жариялау науқаны жыл соңына дейін жалғасады. Ал, бұл әншілерге де көлеңкелі бизнестен шығу үшін зор мүмкіндік. Егер, ескерсе, әрине. Әйтпесе, келер жылдан бастап, салықтан жалтарған жұлдыздар айыппұлмен құтылмайды. Тіпті, олар қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.

Жіберіп алмаңыз:

Елорда атауын өзгерту: Астана тұрғындарына қандай құжаттарды ауыстыруға тура келеді

Павлодар облысында босанушы әйел дәрігерлердің кінәсінен қан жоғалтып көз жұмды

Салмағы 350 келі тартатын қостанайлық әйел ауруханада көз жұмды

Ақмола облысында ер адам туған ағасын балталап өлтіріп, әкесіне оқ атты

 

 

Талқылау