Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтірген: Апелляциялық сот Антон Бударовты ақпаратын жоққа шығаруға міндеттеді

20 тамызда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының журналист Антон Бударовтың Салтанат Нүкенова туралы жариялаған жазбаларын жалған әрі заңсыз деп тану туралы қаулысы заңды күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналист Антон Бударов Instagram-парақшасында Салтанат Нүкенованың ар-намысын қорлайтын жазбалар жариялаған.

"Мен Бишімбаевтың әйелі Салтанатты жәбірленуші деп санамаймын. Ол нағыз абьюзер, күйеуімен ішімдікке салынып, төбелес шығарған. Барып тұрған алаяқ, астрология курсын сатқан. Қарапайым есірткіқұмар отбасы, ол әйел нағыз оңбаған", – деп жазған журналист.

Аудандық сот Салтанат Нүкенованың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпаратты шындыққа жанаспайды деп тауып, Бударовты ақпаратын жоққа шығаруға міндеттеді.

Кейін ол апелляциялық шағым түсірді. Алайда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. 

Бударов "budarov_anton" аккаунты өзіне тиесілі емес екенін айтып, кінәсін мойындамаған. Алайда YouTube желісінде оның жариялаған видеоларында ол өзі сөйлеген және Instagram парақшасы туралы айтқан.

Апелляциялық шағымның сотталушыны сот талқылауы туралы тиісінше хабардар етпеу туралы уәждері расталмады. Аудандық сот шешім шығарар алдында А.Ю.Бударовты 4 рет хабардар еткен. Мұндай хабарламаға қарамастан, сотталушы сот отырысына қатысуға шара қолданбаған.

Тіл маманы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті Мұстакимова  Бударовтың жазбалары расымен адамның ар-намысын қорлайды деген қорытындыға келді.

Еске салсақ, бұған дейін марқұм Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратқан журналист Антон Бударов сотталғаны айтылды. 

Талқылау