Салоннан көлік алған қазақстандық 1,4 миллион теңгені артық төлеген: Ол қаржыны сот арқылы қайтарып алды

Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көлік алу кезінде артық төленген 1,4 миллион теңгені азаматқа қайтарып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін тұтынушы автосалонға бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы жазбаша талап-арыз жолдаған. Алайда заңнамада белгіленген мерзімде аталған талапқа жауап берілмеген, сондай-ақ автосалон тарапынан дауды реттеу бойынша ешқандай шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты азамат өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жүгінуге мәжбүр болған.
“Өтінішті қарау нәтижесінде және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын басшылыққа ала отырып, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушының жазбаша өтінішіне белгіленген мерзімде жауап берілмеу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында сатушы тарапынан Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының талаптары, сондай-ақ тұтынушының өтінішін қарау мерзімдері бұзылғаны анықталды”, – делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 190-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Сонымен қатар автокөлік құнына негізсіз енгізілген 1 462 500 теңге мөлшеріндегі айырма тұтынушыға толық көлемде қайтарылып, оның бұзылған құқықтары сотқа дейінгі тәртіппен қалпына келтірілді.
"Жарты жылдан астам уақыттан бері ізімнен қалар емес": Сталкингтің қауіпті белгілері және одан қалай қорғануға болады?