"Салмағы 25 тоннадан асса қалада жүре алмайды": Мәжіліс депутаттары жүк көліктеріне қатысты жаңа заңға қарсы шықты

Фото: Рexels.com
2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін заңға сәйкес салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктері қала ішінде жүре алмайды. Мәжіліс депутаттары жаңа заңға қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттар жаңа заң күшіне енер болса көп жұмыс тұралап қалатынын айтып дабыл қақты.
“Жүк көліктерінің жолын жапқанның пайдасынан зияны көп. Үй салу, жол төсеу, қоқыс тазалап, қар шығару ісі тұралап қалмақ. Тіпті әкімдіктер мен полиция, өрт сөндірушілердің өзі қиналады”, – дейді мәжілістегілер.
Құрылыс компаниялары да мәжілісмендердің бұл сөзін қолдап отыр. Кәсіпкерлердің сөзінше, бұл тыйымның өзі баспананың шаршы метрінің құнын 50 мың теңгеге қымбаттатуы мүмкін.
“Егер біз бір нысанда қазба жұмыстарын жүргізгенде күніне 50 рейс жасайтын болсақ, осы заң енгеннен кейін 50 емес, 75 рейс жасауымыз керек. Ол жұмыс уақытын ұзартады және қымбатқа түсейін деп тұр”, – дейді құрылыс компаниясы директорының орынбасары Диляра Сейітнұрова.
Депутаттар тыйымның кесірінен ертең қалада тіпті қар шығаратын машина қалмайды деген пікірде. Ал Алматы әкімдігі 25 емес, 15 тонналық жүк көлігін қолданамыз деп хабарлады. Сондықтан тыйым кері әсер тигізбейді дегенге келтірді. Экономистің пікірінше, шектеудің салдары ондай коммуналдық қызметтерге тие қоймауы мүмкін, бірақ агроөнеркәсіп саласына, азық-түлік тасымалына кері әсері болатыны анық.
“Логистика қымбаттайды. Ал ол шығын тікелей тауардың бағасын өсіреді. Тұтынушы қиналады. Қазір инфляция деңгейі онсыз да ырыққа көнбей тұрғанда, мұндай тыйымды енгізудің әзірге қажеті жоқ. Себебі келесі жылы бағаға әсер ететін факторлар аз емес”, – дейді экономист Арман Байғанов.
Жалпы тыйымды сарапшылар да, сала мамандары да құптап тұрған жоқ. Бір асфальттың қамын ойлаймыз деп, әлеуметтік түйткілдер қатарын арттырып аламыз деді. Ал депутаттар заңды қайта қарауды сұрап, үкіметке сауал жолдаған. Енді қаңтарға дейін 1 ай ғана қалды, қалай боларын уақыт көрсетеді. Негізі 25 тоннадан ауыр көліктердің қозғалысына тыйым бұрын да болған, бірақ 2019 жылы тиімсіз деп алып тастады. Бірақ билік 2022 жылы қайта енгізіп, қолдану мерзімін 2026 жылға қалдырған еді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады